Елімізде Орта Азия волонтерлерінің бірінші форумы өтеді
Қазақстанда 2022 жылдың 15-19 тамыз аралығында Орта Азия волонтерлерінің бірінші форумы өтеді, – деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мәлімдеді.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында сөйлеген сөзіндегі волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау жөніндегі бастамасын қолдауға бағытталған.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялаған болатын.
Форум Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Армения және Өзбекстан волонтерлерінің басын қосады.
Қатысушылар волонтерліктің жаңа үрдістерін, волонтерлікті дамытудағы Қазақстанның жақсы тәжірибесін талқылайды. Сондай-ақ үздік жобаларды және БҰҰ волонтерлер бағдарламасын – әлемдегі еріктіліктің жай-күйі туралы «Баршаға тең қоғам құру» баяндамасын ұсынады.
Баяндама Африка, Араб елдері, Азия-Тынық мұхиты, Еуропа, ТМД, Латын Америкасы және Кариб бассейнінде жүргізілген кейстерге негізделген.
Форум 2 кезеңнен тұрады.
I кезең. 15-16 тамызда Бурабай ұлттық паркінде және Түркістан облысында халықаралық волонтерлер мен сарапшылардың қатысуымен Қазақстанның волонтерлікті дамытудағы тәжірибесін талқылау, үздік волонтерлік жобаларды таныстыру үшін офлайн форматта пікірталас өтеді. Қатысушыларды білім беру, экология, медицина, жұмысқа орналастыру, инклюзия, бұқаралық спорт, этно-еріктілік, үздік тәжірибелер, шығармашылық аймақ және әлеуметтік шеберхананың жеке бағыттары бойынша ойын практикасы күтіп тұр.
II кезең. 18-19 тамызда елордада TEDx talks форматындағы қорытынды форум өтеді. Онда панельдік сессиялар, волонтерлік қызмет кеңесі/пулы алаңдары ұйымдастырылып, делегаттар сөз сөйлейді. Күннің негізгі бөлігінде 2022 жылы ББМДҰ-ның қарары жарияланып, арнайы сессия өтеді.