Елімізде мысықтар мен иттердің иелеріне талап күшейеді

 ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Мәжілістің жалпы отырысында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына түзетулер мен толықтырулар қабылданды.

Заң жобасы қоғамдағы жануарларға жауапкершілікпен қарауды күшейту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин заң жобасындағы басты түзетулерге де тоқталды:

Бұрын аулап, стерилизациялап, вакцинациялаған иттер қайтадан ортаға жіберілетін. Құжат бойынша бұл әдіс қауіпті азайтпай, санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Осы орайда мемлекет өз қолымен ықтимал қауіпті қайтадан қоғамның ортасына қайтарып отыр. Қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан бұл тәсіл сын көтермейді. Сондықтан бұл жерде неғұрлым шынайы әрі жауапты модельге көшу ұсынылады.

Енді бұралқы жануарларды ұстау мерзімі енгізілді: кемінде 5 күн, ал иесі болуы мүмкін жануарлар үшін – 60 күн. Мәслихаттар бұл мерзімді қажеттілікке қарай ұзарта алады.

Жануарларды жаңа иесіне беру кезінде міндетті түрде:

  • сәйкестендіру (чиптеу)
  • есепке алу
  • вакцинация
  • дұрыс күтіп-ұстау талаптары сақталуы керек.

Иесіз мысықтарға қатысты бұрынғы қайтадан ортаға қайтару моделі сақталады.

Халықаралық тәжірибе мен тәуекел сипатын талдау нәтижесінде иесіз мысықтарға қатысты қайтадан ортаға қайтару тәсілін сақтау ұсынылады. Бұл – заң жобасының жаппай қатаңдату қағидатына негізделмегенін, керісінше, тәуекелдерінің айырмашылығына, санитариялық қауіп деңгейіне және адамға төнетін нақты қатер деңгейіне негізделетінін көрсетеді, – деп қосты депутат.

Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті күшейді

Қауіпті жағдайларда жануарлардың агрессиясын тоқтатуға бағытталған шұғыл әрекеттерді ұйымдастыру құзыреті берілді.

Иттер мен мысықтарды міндетті чиптеу

Бұл қадам иесін анықтауға, жауапкершілікті бекітуге және қоғамдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

Үй жануарларын серуендету және жауапкершілік

Жануар иесі серуендеу ережесін бұзса және адамның өмірі, денсаулығы немесе мүлкіне зиян келтірсе, залалды өтеуге міндетті болады. Ауыр зиян салдарынан жануардың иесі эвтаназия жүргізуге жауапты.

Ұстауға тыйым салынған немесе шектеулі жануарлар

Уәкілетті орган қауіп төндіретін жануарлардың түрін анықтап, арнайы құқықтық режимді бекіте алады.

Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік

Жануарларға қатыгездік көрсету, ұстау және серуендету ережелерін бұзу да қатаң қадағаланады. Бұл нормалар жануарларға ғана емес, иелердің жауапкершілігін де күшейтеді.

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, бұл заң жобасы жануарларға қарсы бағытталмаған.

Ол бүгінгі проблеманы туындатқан құқықтық бейберекетсіздікке, жауапсыздыққа, басқарушылық дәрменсіздікке қарсы бағытталған. Сонымен қатар адам қауіпсіздігі үшін, тәртіп үшін, иелердің жауапкершілігі үшін және мемлекеттің айқын рөлі үшін қажет. Жануарларға ізгілікпен қарау адамға немқұрайлылық танытуды білдірмеуі тиіс, – деді мәжілісмен.

Заңға жергілікті атқарушы органдардың құзыреті мен панажай қызметін нақтылайтын түзетулер енгізілді.

Оқи отырыңыз