©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Елімізде мектептер жаппай қашықтан оқуға ауыстырылып жатыр

Қазақстанның 7 өңірінде ЖРВИ өршуіне байланысты 132 мектептегі 1469 сынып қашықтан оқуға ауыстырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Астанада өткен баспасөз конференциясында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Сархат Бейсенова мектептердегі тұмау мен ЖРВИ бойынша қазіргі жағдайды баяндады. 19 қараша таңындағы дерекке сәйкес, бірқатар өңірде оқушылардың көптеп ауырып қалуына байланысты жекелеген сыныптар онлайн форматқа көшірілген.

7 өңірде қашықтан оқыту туралы шешім қабылданды. Республика бойынша барлығы 132 мектептің 1469 сыныбы онлайн форматқа ауыстырылды, – деді Бейсенова.

Онлайн оқуға ауысқан сыныптар тізімі:

Астана – 24 мектеп, 182 сынып

Абай облысы – 21 мектеп, 276 сынып

Шығыс Қазақстан облысы – 57 мектеп, 204 сынып

Жамбыл облысы – 14 мектеп, 598 сынып

Қостанай облысы – 12 мектеп, 168 сынып

Ақмола облысы – 3 мектеп, 21 сынып

Қарағанды облысы – 1 мектеп, 20 сынып

Қашықтан оқытуға көшіру критерийлері:

  1. Бірінші критерий:

Егер сыныптағы балалардың 20%-дан астамы ауырса, кабинет жүйесі тоқтатылады – оқушылар мектепке келеді, бірақ барлық сабақ бір кабинетте өткізіледі.

  1. Екінші критерий:

Егер бір оқу кезеңінде оқушылардың 30%-дан астамы сабаққа келе алмаса, онда сынып толықтай қашықтан оқуға көшіріледі.

Сол баспасөз конференциясында денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев биылғы 2025 жылғы эпидмаусым басталғалы бері 1,5 миллион ЖРВИ жағдайы тіркелгенін айтты. Оның 65-66 пайызы – балалар. 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 1 миллионға жуық ЖРВИ жағдайы анықталған.