Жаңалықтар

Елімізде кәсіби комментаторлар аз – Ермұхаммед Мәулен

Спорт журналисті, комментатор Ермұхаммед Мәуленмен сұхбат
Елімізде кәсіби комментаторлар аз – Ермұхаммед Мәулен
Фото: Ермұхаммед Мәуленнің жеке мұрағатынан 14.02.2023 18:00 1898

БАҚ – билік пен халықтың арасында байланыс орнататын қоғамның төртінші билік деген сөз жиі айтылады. Бұл бағыттағы "Масс-медиа" туралы заң жобасы да қоғам арасында қызу талқыланып жатыр. Осы орайда елді ақпаратпен қамтамасыз ететін журналистердің мәртебесі мен спорт журналистикасы жайлы қазақстандық белгілі комментатор Ермұхаммед Мәуленмен сұхбаттасқан едік.

- Бүгінде қазақстандық журналистердің мәртебесі қандай деңгейде?

- Өз басым журналистердің мәртебесі өте жоғары деңгейде деп есептеймін. Себебі еліміздегі республикалық, облыстық БАҚ-та істейтін тілшілердің құзыреттілігі баршылық. Олардың заңмен тыйым салынбаған кез келген қажет ақпаратқа оңай қол жеткізе алады. Сондықтан да Қазақстандағы журналистиканың қоғамдағы орны биік деген ойдамын.  

- Кейбір шенеуніктер ашық БАҚ-тан біраз сескенетін секілді. Кейде журналистердің сұрағына жауап беруден қашқақтап жатады. Ақпарат министрі алдағы уақытта журналистерге жауап бермейтін мемлекеттік қызметкерлер жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтты. Бұл өзгеріс журналист әлеуетін жоғарылата ма?

- Мемлекеттік қызметкерлерді жауапқа тарту туралы шешім өте дұрыс қабылданды деп санаймын. Өйткені бір жерге өтінім хат жіберген кезде биліктегілер 10 күндей созып жүріп алады. Ал журналистке одан келіп түскен жауап бойынша сюжет, материал дайындап үлгеру керек. Оның барлығы біршама уақытты талап етеді. Ендігі кезекте БАҚ-қа дер кезінде жауап бермеген мемлекеттік қызметкерлер жазаланатын болса, тілшілердің билік органдарынан жауап алуы жеңілдемек.

- БАҚ-қа арналған «Масс-медиа туралы» заң жобасымен танысып шықтыңыз ба?

- Әзірге бұл жобамен толыққанды танысып шықтым деп айта алмаймын. Алайда БАҚ-қа арналған заң туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің телеарнаға берген сұхбатын көріп шықтым. Заң жобасына біраз жаңалықтар енгізілгелі жатқанынан хабардармын. Бірақ Қазақстандағы журналистерге арналған заңдардың спорт журналистикасына қажеті жоқтай көрінеді. Жалпы қоғамда спорт журналистері аз болғандықтан, оларға кез келген жерден еркін әрі жылдам ақпарат алу жағынан ешқандай қиындық туындамайды. 

- Қазіргі таңда еліміздегі спорт журналистикасы қалай дамуда?

- Спорт журналистикасы керемет қарқынды болмаса да даму үстінде. Мәселен, әлеуметтік желі кеңінен таралғаннан бастап спорт туралы парақшалар көбейген. Әсіресе Telegram-да спортқа арналған «Kommentator Maulen», «Дода», «Рыбакинаның ракеткасы» сияқты арналарды атап кетуге болады. Аталған арналардың барлығы дерлік еліміздегі спортқа қатысты ақпаратпен бөлісіп отырады. Мұның өзі спорт журналистикасының дамуына үлесін қоспақ. 

Кейбіреулері әлеуметтік желіні журналистика емес, блогерлік қой деген пікірін білдіріп жатады. Қазір қарапайым халық журналистика қайсы, блогерлік қайсы ажыратып үлгермейді. Жұрт алдындағы журналист пен блогер мәртебесі теңесіп кетті. Екеуінің де қолында смартфон, әлеуметтік желі бар. Олардың айырмашылығы жоқ секілді көрінеді.

- Спорт журналисті болу үшін алғашқы қадамды неден бастаған жөн?

- Алдымен спорттың тарихын оқып бастау қажет. Қазіргі таңда көбісі әдебиет оқымайды. Сейдахмет Бердіқұлов сияқты жазушылардың түрлі шығармалары бар. Сондай тұлғалардың кітаптарын неге оқымасқа? Кейде қарапайым спорттың тәртібін, заңдарын білмейтін комментаторлар да кездесіп жатады. Спорт журналистикасын меңгеру үшін алдымен спорттың ережесін жатқа білу керек емес пе?!

- Шетелде спортшылар спорттық мансап жолын тәмамдағаннан кейін спорт журналистикасында комментатор ретінде қызмет ете бастайды. Біздің елімізде де осы тәжірибені қолданып көруге деген көзқарасыңыз қандай?

- Мұндай тәжірибені бізге де байқап көруге болады. Қазақстандағы спортшылардың басым бөлігінің сауаты төмен. Ішіндегі сауаттыларын табу үшін іздеу керек. Әсіресе футболшылардың арасында өмірінде қолына қалам ала қоймайтын, өзінің келісімшартына қол қоя алмайтындары да бар. Кітап, газет оқымайтын, мақала жаза алмайтын спортшылардың комментатор болуы екіталай. Олардың сөйлегенде де ойы шашыраңқы болады.

Бұрыннан келе жатқан спортшыларға қарағанда қазіргі спортта жүрген жастар анағұрлым сауатты. Себебі олар әлеуметтік желіде отырады, пост жазып, өз ойымен бөлісіп отырады. Мүмкін болашақта олардың ішінен спортшы комментаторлар шығып қалар. Алдағы бір 15-20 жылда пайда болмаса, әзірге журналистика саласына қызығатындары жоқ.

- Неліктен қазақ спорт журналистикасында комментаторлар аз?

- Біздің елде спорт арнасы санаулы болғаннан кейін сәйкесінше комментаторлар да аз. Екі спорт арнасына 32 комментатордың керегі шамалы ғой. Менің ойымша әр арнаға 10 комментатордан жетеді. Сондықтан да алдымен спорт арналарын көбейтуге басымдық беру керек. 

Бүгінде спорт саласы біртіндеп көтеріліп келе жатыр. Елімізде жаңадан бір спорт арнасы ашылуда. Оларға комментаторлар қажет. Қазіргі таңда ең үздіктерін іріктеп алу үшін курс өткізіп үстіндемін. Оған шамамен 12 адам қатысса, арасынан 2-3 ғана комментатор болып шығады. Кейде біреуі іріктеліп алынса да қуанасың...

- Комментаторлар трансляцияны қазақша жүргізу барысында көбіне жаттанды, ауыр сөздерді жиі қолданып жатады. Мұның себебі неде?

- Ең әуелі ойыңа сол жаттанды сөздер қайдан келеді деген сұрақ келеді. Егер ауыр сөздерді айтса, демек бір жерден естіген болып тұр ғой. Ол комментатор болғанға дейін қандай телеарналарды көріп, жаңалықтарды тыңдады деген ой келмей ме? Сондықтан тек комментаторлардың тілі шұбарланып кеткен, калька аударманы қолданады деуге болмайды. Бізде телеарналардағы тіл тазалығы деген атымен жоқ. Әдеби, мәдени сөздерді қолданып, аяқ-астынан суырып салып, керемет сөйлейтін комментаторлар некен-саяқ. Таза сөйлейтіні жалғыз ғана ма деп те ойлаймын кейде.

- Уақытыңызды бөліп әңгімелескеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға