©El.kz/Артем Чурсинов

Елімізде енді айырбастау пункттері валюта бағамын сыртқа ілінетін тақтайшаларда көрсете алмайды

Қазақстан Ұлттық банкі 23 маусымдағы қаулысымен айырбастау пункттеріне валюта бағамы көрсетілген ақпараттық тақталарды сыртқа орналастыруға тыйым салды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Енді бағам көрсеткіштері тек айырбастау пункттерінің ішінде ғана орналастырылуы тиіс. Тақтайшалар мен ақпараттық экрандарды ғимараттың шатырына, сыртына немесе көшедегі құрылымдарға ілуге болмайды.

Мұндай ақпараттық тақта айырбастау пунктінің ғимаратынан тыс ашық кеңістіктен көзге көрінетін жерде болмауы тиіс. Бұл талап мына нысандарға қолданылмайды: көпфункциялы кешендер (соның ішінде бизнес-орталықтар), теміржол вокзалдары, казинолар, халықаралық әуежайлардың ішіндегі нысандар, сондай-ақ мемлекеттік шекарадағы автомобиль, теңіз және өзен өткізу бекеттеріндегі ғимараттар, – делінген қаулыда.

Сонымен қатар айырбастау пункттері касса маңында немесе ішкі кеңістікте кемінде 40×40 см көлемінде ақпараттық тақта іліп қоюы тиіс. Онда барлық жұмыс істейтін валюталар бойынша сатып алу және сату бағамдары нақты және анық көрсетілуі қажет.

Қаулы 8 шілдеде жарияланып, 60 күннен кейін, яғни 2025 жылдың 9 қыркүйегінде күшіне енеді.

Айта кетейік, Ұлттық банк бұл ұсынысты алғаш рет сәуір айында жариялаған. Себебі «көшедегі бағам көрсеткіштері жол қозғалысына қатысушылардың назарын аударады» деген уәж айтылған. Алайда Қазақстанның айырбастау пункттері қауымдастығы (АОК) бұл шешімге қарсы шығып, валюта бағамының ашық көрсетілуі халық үшін маңызды екенін алға тартқан болатын.