Елімізде ең төменгі жалақы мөлшері енді жаңаша есептеледі
Еелімізде ең төменгі жалақы мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазіргі уақытта ҚР Президентінің әкімшілігіне Еңбек кодексіне енгізілген түзетулер келісу үшін жіберілді, мақұлданғаннан кейін заңнамаға тиісті өзгерістерді іске асыру басталады.
Оқи отырыңыз:
- Сіз бен бізге ақша жинауға кедергі келтіретін басты 7 себеп
- АЭС салсақ, оның радиоактивті қалдықтарын қайда жібереміз?
Бұған дейін Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында динамикалық тәсілге негізделген және негізгі экономикалық көрсеткіштерді ескеретін ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесін енгізуді тапсырған болатын.
Еңбекмині Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесіп халықаралық тәжірибеге талдау жүргізіп, ЕТЖ белгілеудің кең таралған үш тәсілін анықтады:
- бірыңғай ұлттық ЕТЖ (Франция, Германия, Испания);
- өңірлер, салалар және кәсіпорындар бойынша ЕТЖ сараланған мөлшері; (Финляндия, Жапония, Бельгия);
- әр түрлі санаттағы қызметкерлерге арналған ЕТЖ (Ұлыбритания, Дания).
Бүгінгі таңда ЕТЖ Халықаралық еңбек ұйымына мүше елдердің 90%-дан астамында бар, ол оның мөлшерінің барабарлығын бағалау үшін Кейц индексін (заңмен белгіленген ЕТЖ медианалық жалақыға қатынасы) пайдалануды ұсынады. ХЕҰ ұсыныстарына сәйкес Кейц индексі 50% деңгейінде болуы керек. Бұл ретте әлемнің дамыған елдерінде ол шамамен 55%-ды, ал дамушы елдерде шамамен 67%-ды құрайды, – делінген мәліметте.
Ал Қазақстанда ЕТЖ ең төменгі әлеуметтік стандарттарға жатады және жыл сайын «Республикалық бюджет туралы» заңмен белгіленеді. Ең төменгі жалақы қосымша төлемдер мен жәрдемақыларды, өтемақы мен әлеуметтік төлемдерді, сыйлықақыларды және басқа ынталандырушы төлемдерді қамтымайды.
2008 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде ЕТЖ мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінде белгіленді және жыл сайын инфляция деңгейіне индекстелді. 2019 жылы ЕТЖ мөлшерін 1,5 есе – 28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін арттыру жүргізілді. Биыл ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін ұлғайтылды – делінген материалда.
Бұл ретте ЕТЖ-ны арттыру медианалық жалақының шамасын есепке алмай жүргізілді.
Халықаралық тәжірибені, сондай-ақ ел экономикасы құрылымының ерекшеліктерін ескере отырып, Еңбекмині Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп, медианалық жалақы мен еңбек өнімділігінің арақатынасын ескеретін ЕТЖ анықтау әдістемесінің жобасы әзірленді. Бұл жұмыскерлердің табыстары мен өндірілетін тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі арасында нақты өзара байланыс орнатуға, сондай-ақ ЕТЖ мөлшерін ХЕҰ ұсынымына жақындатуға мүмкіндік береді.
ЕТЖ мөлшерін анықтау үшін медианалық жалақы мен еңбек өнімділігін пайдалану жеткіліктілік пен төлем қабілеттілігі негізінде теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жеткіліктілік – бұл қызметкерлерді олардың еңбегі үшін әділ және барабар табыспен қамтамасыз ету. Төлем қабілеттілігі – бұл жұмыс берушілердің өз еңбек шығындарын кәсіпорынның қызметкерлерін жалдауы мен бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етпейтін деңгейде ұстап тұру мүмкіндігі.