Елімізде ең көп құрастырылатын көліктер тізімі анықталды
Қыркүйек айында еліміздің зауыттары 13 мыңнан астам көлік пен арнайы техниканы шығарып, жалпы өндіріс көлемі 180 миллиард теңгеге жетті. Ең көп сұранысқа ие маркалар қатарында Hyundai мен Chevrolet тұр. Бұл туралы Bizmedia-ға сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Автосектордың өсімі жалғасуда
«Қазақстанның Автокөлік Одағының» (ҚАО) мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегінде автокөлік өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 15% артқан. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша елде 109 мыңнан астам көлік құрастырылып, олардың жалпы құны 1,5 триллион теңгеге жеткен. Осылайша, автосектор еліміздің машина жасау саласының шамамен жартысын қамтып отыр.
Қай өңірлер көш бастап тұр
Өндірістің негізгі үлесі жеңіл автокөліктерге тиесілі – қыркүйек айында олардың саны 12 мыңға жуық болды. Сонымен қатар 748 жүк көлігі, 293 автобус, 290 тіркеме және бірқатар арнайы техника жасалған.
Көлік шығару бойынша Қостанай қаласы алда келеді – мұндағы Allur зауыты жыл басынан бері 61 мыңнан астам көлік құрастырған. Екінші орында – Алматы, мұнда Hyundai Trans Kazakhstan және Astana Motors кәсіпорындары 43 мыңға жуық автокөлік өндірген. Сонымен бірге Семей, Қарағанды облысы және Көкшетаудағы зауыттар да жұмыс істеп тұр, дегенмен кейбір өңірлерде өндіріс көлемі аздап төмендеген.
Ең танымал брендтер мен модельдер
Қазақстандық зауыттарда ең көп шығарылған маркалар:
Hyundai – 38 968 дана
Chevrolet – 21 566 дана
Kia – 19 060 дана
Jetour – 10 180 дана
Jac – 8 483 дана
Ең көп сатылған модельдер тізімінде:
Chevrolet Cobalt – 17 706 дана
Hyundai Tucson – 15 416 дана
Kia Sportage – 8 918 дана
Hyundai Mufasa – 6 416 дана
Hyundai Elantra – 5 654 дана
ҚАО президенті Анар Мақашева автосектордың жетістігін жүйелі инвестициялармен, өндіріс көлемінің артуымен және қазақстандықтардың отандық көліктерге деген сенімінің өсуімен байланыстырды.

