Жаңалықтар

Елімізде емшілік медицинамен теңестіріле ме?

Елімізде емшілік медицинамен теңестіріле ме?
Фото: elements.envato.com 04.07.2023 11:21 892

Қазнетте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі емшілікті медицина деп тануды жоспарлап отырғанын дәлелдейді делінген құжаттың скриншоты тарады. Ведомство өкілдері бұл ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі  Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Елімізде емшілік медицинамен теңестіріле ме?

 

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, таралған скриншот 2019-2021 жылдары Дүниежүзілік банк жобасы аясында әзірленген «Дәстүрлі медицина. Емшілік» кәсіби стандартының жобалық алғашқы түрінен жасалған. Қазіргі уақытта құжат талқылану үстінде. Жоба бекітілген соң Ашық НҚА порталына орналастырылады.

Аталған жоба 50-ден астам мамандыққа арналған кәсіби стандартты қамтиды.

Емшілерді дәрігерлермен және дәлелді медицинамен теңестіру туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жоба олардың жауапкершілігін қалыптастыруға және стандарттарға сәйкес келтіруге бағытталған. Сонымен қатар 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінде «Дәстүрлі медицина. Емшілік» бөлімі бар, онда келесі нормалар бекітілген: 1. Дәстүрлі медицина – халық медицинасының көпғасырлық дәстүрлеріне негізделген және медициналық қолдануға рұқсат етілген, профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және оңалтудың кодификацияланған әдістерінің жиынтығы. 2. Медициналық білімі бар, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиясы бар адамдардың дәстүрлі медицина саласындағы қызметке құқығы бар. 3. Емшілік – емшілік құралдар, тәсілдер, дағдылар туралы эмпирикалық мәліметтердің жиынтығы және денсаулыққа әсер ету мақсатында оларды практикалық қолдану. 4. Екі және одан көп адамдарды тарта отырып, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, емшілік сеанстарын жүргізуге тыйым салынады. 5. Емшілік әдістерін қолдану кезінде адамның денсаулығына зиян келтірген адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады, – деді министрліктің баспасөз қызметі.

Демек, Қазақстанда емшілік медицинамен теңестірілмейді. Елімізде адамдарға зиян келтірмеу үшін емшілер сәйкес болуға тиіс белгілі бір нормалар әзірленіп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға