Елімізде электромобильдерді әкелуге енгізілген шектеу алынып тасталды
Электр көліктері ұзақ уақыт бойы қазақстандық жүргізушілер үшін тиімді болып келді. Мемлекет олардың әкелінуі мен пайдаланылуына жеңілдіктер ұсынған еді. Алайда бұл бағдарлама шектеулі болды – барлығы 15 000 көлікке ғана рұқсат берілген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Tengri Auto дерегінше, биылғы қыркүйек айының соңына дейін бұл лимиттің 87,2 пайызы пайдаланылған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың 15 қазанына қарай белгіленген квота толықтай орындалған, яғни елге 15 000 электр көлігі әкелінді.
Жеңілдіктер тоқтатылған жоқ, тек квота таусылды
Көпшілікті мазалайтын сұрақ: енді электр көліктерін әкелуге берілген жеңілдіктер күшін жойды ма?
МКК өкілдері мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Қолданыстағы ережелер мен нормативтік актілерге ешқандай өзгеріс енгізілмеген. Тек Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) бекіткен 15 000 көліктік квота толық пайдаланылып біткен.
Кеден одағы комиссиясының 2009 жылғы 27 қарашадағы №130 шешімінің 7-тармағының 7.1.38 тармақшасына сәйкес, электр қозғалтқышы бар көліктерге тарифтік жеңілдік қарастырылған, яғни кедендік әкелу бажынан босатылады, - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Сонымен қатар жеңілдетілген тәртіппен әкелінген электр көліктерін басқа ЕАЭО елдеріне экспорттауға болмайды, оларды тек Қазақстан аумағында сатуға рұқсат етіледі.
Кедендік төлемдер қалай есептеледі
Қолданыстағы кеден заңнамасына сәйкес, декларацияны толтырған тұлға өз бетімен қолданылатын әкелу бажының мөлшерлемесін таңдайды.
Электр көліктері үшін белгіленген шарттар:
ЕАЭО бірыңғай кедендік тарифі (БКТ) бойынша:
кедендік алым – 6 АЕК;
ҚҚС – 12%;
әкелу бажы – кедендік құнның 15%.
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы алдындағы міндеттемелері бойынша:
кедендік алым – 6 АЕК;
ҚҚС – 12%.
Осылайша, электр көліктерін әкелуге арналған жеңілдіктер әлі де күшінде, бірақ 15 000 көлікке белгіленген лимит толық орындалған.
Электр көліктері көлік салығынан босатылады
Сонымен бірге ведомство көлік салығына қатысты ережелерді еске салды.
Жеңіл көліктер бойынша салық қозғалтқыш көлеміне,
жүк көліктері бойынша жүк көтергіштігіне,
автобустар бойынша орын санына қарай есептеледі.
Егер көлік гибридті болса (іштен жану қозғалтқышы және электр батареясы бар), салық қозғалтқыш көлеміне қарай белгіленеді.
Ал толықтай электрмен жүретін жеңіл автокөліктер іштен жану қозғалтқышы болмағандықтан, көлік салығынан толық босатылады.

