Жаңалықтар

Елімізде электр энергиясына мұқтаждық болмау керек - Мұрат Бақтиярұлы

Елімізде электр энергиясына мұқтаждық болмау керек - Мұрат Бақтиярұлы
Фото: © Freepik.com 06.10.2024 19:00 5272

Қазақстанда АЭС құрылысы мәселесі бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Бұған қатысты мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мұрат Бақтиярұлы бүгінгі референдумның республикада өтіп жатқан бірінші референдум емес екенін айтты.

Естеріңізде болса, еліміздегі алғашқы референдум 1995 жылы 29  сәуірде өтті. Референдум президентің өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту туралы болды. Одан кейінгі референдум да сол жылы, 1995 жылдың 30 тамызында өтті. Онда: «1995 жылы 1 тамызда баспасөзде жобасы жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қарастырылды. Яғни, мұндай референдумның өтуі бірінші рет емес. Енді қарап отырсақ, халықтың Семей полигонынан кейінгі қорқынышы бар. Олардың барлығы ядролық физика маманы емес қой, түсіне бермейді. Мен де бұл саланы білмеймін, - деді қоғам қайраткері.

Сонымен қатар ол АЭС салу мәселесіне қатысты өзінің көзқарасын білдірді.

Біріншіден, семейліктер атом ядросынан үлкен зардап шеккен халық. Сол жағынан қарасақ, көпшілікке АЭС салу дұрыс сияқты көрінеді. Екіншіден, атом электр станциясын салу үшін ең алдымен мамандардың пікірін тыңдау керек. Әрине, референдумда ешкімді қыстап жатқан жоқ. Оған келу не келмеу әр азаматтың Конституциялық құқығы. АЭС салуды қолдау немесе қолдамау да өз еркінде, - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Мемлекет және қоғам қайраткерінің сөзінше, ел арасында атом электр станциясының құрылысы бойынша 3 ай бойы біршама насихат жұмыстары жүргізілді. Мәслихат депутаттары, блогерлер  өзінің пікірін білдіріп, түрлі дебаттар өткізді.

Ең бастысы, бұқаралық ақпарат құралдарда көптеген материалдар жарияланды. Оның ішінде бұл мәселені қолдайтындар да, қолдамайтындар да бар екенін көрдік. Сондықтан халықтың басым көпшілігі қажетті ақпаратты алды деп есептеймін, - деді ол.

Мұрат Бақтиярұлы ес білгелі ешбір сайлаудан қалмағанын айтады.

АЭС-ке қатысты өзімнің жеке азаматтық көзқарасым екіжақты. Біріншіден, мен мықты мамандардың пікіріне сүйенемін. Олардың көпшілігі қарсы емес. Алайда құрылысқа кемінде 12-13 жыл кетеді. Сондай-ақ ол өте көп қаржыны талап ететіні анық. Әрине, елімізде энергия тапшылығы бар, келешекте бұл қажеттілік одан сайын көбейе беруі мүмкін. Энергия болашақта өте қымбат тауарға айналады, - деді Мемлекет және қоғам қайраткері.

Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, сарапшылар АЭС құрылысына шамамен 10-20 миллиард АҚШ доллар қажет дейді.

Қазақстанның жылына республикалық бюджеті 30 миллиард АҚШ долларды құрайды. Сонда 15 миллиард АҚШ доллары еліміздің 6 айлық бюждеті ретінде есептеледі. Елімізде электр энергиясының альтернативті түрлері бар. Оны 30-40 жылға дейін пайдалануға болады. Бұл менің – саяси көзқарасым. Елімізде электр энергиясына деген мұқтаждық болмауы тиіс. Отынға мұқтаж болу экономикамыздың дамуын біршама тежейді, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға