Елімізде балалар арасындағы онкологиялық аураларды ерте анықтау көрсеткіші артып келеді
Елімізде балалар арасындағы онкологиялық ауруларды ерте анықтап, диагноз қою көрсеткіші артып келеді, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі балаларға онкогематологиялық көмекті дамытуға айрықша көңіл бөледі. Елімізде балалар арасындағы онкологиялық аураларды ерте анықтау көрсеткіші жылма-жыл артып келеді. Соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш 41,4%-дан 52%-ға дейін өсті.
Бұл орайда балалар арасындағы қатерлі ісіктердің бастапқы диагностикасы аймақтарда, облыстық балалар ауруханасының базасында жүргізілетінін айта кеткен жөн. Қатерлі ісігі бар науқастарға динамикалық бақылау жасап, емдік әсерді ұстап тұрушы терапия жүргізу үшін әр облыста балаларға арналған онкологиялық/гемотологиялық төсек-орындар мен балалар онкологы мен гематологының кабинеті қарастырылған.
Жылына орташа есеппен 500-600 баладан онкогематологиялық патология анықталады, оның 33%-ы – 3 пен 10 жас аралығындағы балалар.
Қатерлі ісіктің бірінші жағдайының нозологиялық құрылымы бұрынғыдай қалыпта әрі Еуропа елдеріндегі қатерлі ісіктер құрылымына сәйкес келеді.
Анықталған қатерлі ісіктердің құрылымында ең бірінші орында жіті лейкоз тұр (39,3%), екінші орында – орталылық жүйке жүйесінің ісіктері (14,2%), үшінші орында – жұмсақ тіннің саркомасы. Бұл дерт диагнозы қатерлі ісікке шалдыққан балалардың 8,6%-на қойылады. Одан кейін лимфомалар (7,3%), нефробластомалар (6,4%) келеді. Балалардың қатерлі ісік табылғаннан кейін 5 жылдан ұзақ өмір сүру көрсеткіші 74,6%-ға дейін артты.
Қазіргі таңда елімізде онкогематологиялық ауруға шалдыққан балаларға медициналық көмек көрсетудің көпдеңгейлі тәсілі жүзеге асырылады.
Бастапқы деңгейде медициниалық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында тұрақты медициналық қарап тексеруден өтуге болады. Аймақтық деңгейде амбулаториялық қабылдау мен динамикалық бақылауды балалар стационар жүйесі атқарады. Әрбір аймақта балаларға бастапқы тексеріс жүргізетін онколог/гематолог мамандар жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда баланы республикалық деңгейге жібереді.
Республика көлемінде балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруды екі ірі ғылыми орталық – «Ұлттық ғылыми педиатрия және балалар хирургиясы орталығы» АҚ мен «University Medical Center» корпоративтік қоры үйлестіреді.
Бұл бағытты одан әрі дамыту мақсатында 2022 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасында балаларға онкогематологиялық көмек көрсетуді жетілдірудің 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.