Жаңалықтар

Елімізде арнайы техника мен автобустар шығаратын 8 кәсіпорын жұмыс істейді

Елімізде арнайы техника мен автобустар шығаратын 8 кәсіпорын жұмыс істейді
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 02.11.2024 07:24 369

Бүгін ҚГИР-2024 алаңында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «Volvo Group Kazakhstan» ЖШС Бас директоры Радиф Хасановпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Тараптардың әлеуетті ынтымақтастығы және Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктер талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қ.Шарлапаев атап өткендей, қазіргі уақытта автомобиль өнеркәсібі Қазақстанның өнеркәсіптік дамуының басым салаларының бірі болып табылады. Елде жеңіл автомобильдер, жүк көліктері, арнайы техника мен автобустар шығаратын 8 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар, жеңіл автомобильдер өндірісіне бағытталған бірнеше перспективалы жобалар жүзеге асырылуда.

2025 жылы біз ішкі нарыққа да, экспорттық мүмкіндіктерге де бағдарланған Kia Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan сияқты 2 ірі автомобиль жобасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. 2025 жылдың соңына дейін біз жиынтықтауыштарды өндіру бойынша 10 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз, бұл өндіріс құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді, - деді министр.

Барлық автоөндірушілер өзара міндеттемелерді көздейтін өнеркәсіптік құрастыру шарттарының бөлігі ретінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, министр мемлекет тарапынан қолдау шаралары, оның ішінде қолайлы инвестициялық орта құруға бағытталған жасалған инвестициялық келісімшарттар мен өнеркәсіптік құрастыру шарттары негізінде жеңілдіктер беру туралы айтты.

Қанат Шарлапаев қазақстандық тараптың болашақ бірлескен жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін растап, өзара тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа үміт білдірді.

Сондай-ақ, өнеркәсіп және құрылыс министрі Carlsberg Group орталық және Шығыс Еуропа бойынша бірінші вице-президенті Леманн Ларспен кездесу өткізді, оның барысында маңызды инвестициялық жобалар мен компанияның Қазақстан экономикасының нақты секторына, оның ішінде сабақтас салаларды дамытуға қосқан үлесі талқыланды.

Сонымен қатар, «Schneider Electric» Орталық Азия және Кавказ елдері бойынша Бас директоры Эдгард Бу-Шахинмен екіжақты кездесу өтті. Тараптар энергия үнемдеу саясатын іске асырудағы ынтымақтастықты талқылады. Қатысушылар атап өткендей, Schneider Electric компаниясының осы саладағы табысты тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан бірлескен келісім арқылы ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті. Келісім мынадай бағыттарға бағытталатын болады: энергосервистік келісімшарт тетігін пайдалана отырып, пилоттық жобаларды іске асыру, деректер орталықтары сияқты цифрлық шешімдерді қолдану; Қазақстанда орнықты даму саласында консультациялық қызметтер құру бойынша ынтымақтастық, энергия тиімді жобаларды қаржыландыру көздерін зерделеу.

Біздің бірлескен күш - жігеріміз Қазақстанда озық энергия үнемдеу шешімдерін қабылдауға, ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын төмендетуге және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға әкелетініне сенімдімін, - деді Қ.Шарлапаев кездесуді аяқтай отырып.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға