Жаңалықтар

Елімізде алты айда жеңіл өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 95,7 млрд теңге болды

Елімізде алты айда жеңіл өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 95,7 млрд теңге болды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 24.07.2024 11:33 1626

Биылғы ақпан айында Үкімет жеңіл өнеркәсіп тауарларын мемлекеттік сатып алу кезінде ұлттық режимнен екі жылға уақытша алып тастауды көздейтін қаулы қабылдады. Үкіметтің мәліметінше, бұл қадам отандық өндірушілерді қолдауға және саланың дамуын ынталандыруға бағытталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жеңіл өнеркәсіп инвестициялық жобаларды іске асыру үшін басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілді.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жеңіл өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 95,7 млрд теңгені құрады. Киім өндірісі секторы оң динамиканы көрсетті, өсім – 11,5%.

Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында $67,3 млн-ға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 69%-ға артық. Негізгі экспорттық тауарлар арасында трикотаж өнімдері, майкалар, жейделер, сөмкелер мен қаптама пакеттер бар. Ресей, Түркия және Қытай негізгі өткізу нарықтары болып қала береді.

Жеңіл өнеркәсіптің негізгі капиталына инвестиция көлемі 6 айда 4,2 млрд теңгені құрады. Киім өндірісіндегі инвестициялар 6,7 есе – 1,3 млрд теңгеге дейін өскені байқалды, тері және тері өнімдері өндірісіндегі инвестициялар 3 есе – 94 млн теңгеге дейін артты.

Биыл Ақтөбе облысында тоқылмаған материалдар өндірісі, экструзиялық геосинтетика өндірісі, сондай-ақ Атырау облысында полипропиленнен қапшықтар мен пленкалар өндіру секілді жаңа жобалар белсенді түрде іске асырылуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға