Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен елімізде алғаш рет Жас зерттеушілер форумы өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл форум ғылымға, зерттеу мен инновациялық қызметке қызығушылық танытқан мектеп оқушыларын біріктірген бірегей алаңға айналды. Іс-шараның мақсаты – оқушылар арасында ғылыми ойлауды дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау және ғылыми білімді кеңінен насихаттау.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, әкімдіктер жанындағы білім басқармаларының басшылары, жетекші жас ғалымдар, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен 400-ден астам республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған дарынды мектеп оқушылары және олардың ғылыми жетекшілері қатысты.
ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев алғы сөзінде болашақта өз өмірін ғылыми-зерттеу жұмысымен байланыстырғысы келетін, ғылым жолын таңдауға құлшыныс білдірген еліміздің барлық жас таланттарын бүгінгі Форумның ашылуымен құттықтап, жемісті жұмыс тіледі.
Мемлекет басшысы тарапынан бүгінгі күні ғылым мен инновацияны дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, Президенттің тікелей бастамасымен қазіргі таңда отандық ғылым жүйесін реформалау бойынша кешенді шаралар қабылданып, соның негізінде ғылымды еліміздегі мемлекеттік және қоғамдық дамудың басты қозғаушы күшіне айналдыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бүгінгі шара осы реформалардың маңызды құрамдас бөлігі ғана емес, сонымен қатар аға буын өкілдерінің отандық ғылымның болашағына деген қамқорлығының шынайы көрінісі болып табылатынын мәлімдеді.
Форум оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары мен әзірлемелерін таныстыруға арналған ашық алаңға айналды. Мұнда олардың дайындық деңгейі бағаланып, жетекші ғалымдар мен сарапшылар тарапынан кәсіби пікірлер ұсынылды. Сонымен қатар STEM білімін дамыту, халықаралық тәжірибені орта білім жүйесіне енгізу және Қазақстандағы мектеп ғылымының болашағы сияқты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Форум аясында келесі шаралар қамтылды:
- Мектеп оқушыларының ғылыми және инновациялық жобалары мен әзірлемелерінің көрмесі өтті;
- «Зияткер» атты интеллектуалдық командалық сайыс ұйымдастырылды;
- Академик Қ.И.Сәтбаев, археология және Қазақстан ғылымы тарихы музейлеріне экскурсия жүргізілді;
- Отандық және шетелдегі жетекші жас ғалымдар мен академиктердің баяндамалары мен шеберлік сабақтары өтті;
- Жас зерттеушілер баяндама жасап, өз жобаларын таныстырды;
- Жас зерттеушілер форумы аясындағы байқаулар жеңімпаздары ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Qalan компаниясының арнайы сыйлықтарымен, математика, ағылшын тілі курстарына және «әл-Жәбірдің атасы» ғылыми-танымдық журналына 6 айға тегін жазылым сертификаттары табысталды;
- Шара соңында «Қожа – жаңа саяхат» фильмі көрсетілді.
Форум нәтижесі бойынша ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясында Жас зерттеушілер академиясы құрылды.
Жас зерттеушілер Академиясының басты мақсаты – ғылымға қызығушылығы бар дарынды мектеп оқушыларын анықтау және қолдау, олардың бойында зерттеу дағдыларын дамыту, заманауи ғылыми жабдықтар мен зертханаларға қол жеткізуін қамтамасыз ету, кәсіби бағдар беру және мектеп оқушылары арасында ғылыми білімді кеңінен насихаттау.

