Жаңалықтар

Елімізде алғаш рет кернді зерттеуге арналған зертхана ашылды

Елімізде алғаш рет кернді зерттеуге арналған зертхана ашылды
Фото: gov.kz 09.10.2024 19:31 535

Елімізде алғаш рет Utebayev University-де «Кернді зерттеу үшін микрофлюидтік технологиялар» зертханасы ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Зертхана NCOC компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып, мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған.

Зертхана заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, бұл кернді микрофлюидтік технологияларды пайдалана отырып, озық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл технологиялар микроскопиялық деңгейде үдерістерді модельдеуге мүмкіндік беріп, мұнай қабаттарындағы кеуекті орталар мен сұйықтықтардың динамикасын зерттеуде маңызды рөл атқарады. Алынған нәтижелер көмірсутектерді өндіру тиімділігін арттырады және өндірудің жаңа әдістерін әзірлеуге ықпал етеді.

Зертхананың ашылу рәсіміне университет басшылығы, NCOC компаниясының Мемлекеттік органдармен және халықпен өзара іс-қимыл жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев, сондай-ақ студенттер мен профессор-оқытушылар қатысты.

Utebayev University Ғылым және инновация жөніндегі проректоры Ринат Искаков жаңа зертхананың маңыздылығын атап өтті.

Бұл зертхананың ашылуы – мұнай-газ саласындағы инновациялық технологияларды дамыту жолындағы маңызды қадам. Микрофлюидтік зерттеулер табиғи ресурстарды зерттеуде тың мүмкіндік ашып, болашақта осы саланы өркендететін білікті мамандар даярлауға септігін тигізеді. Сондай-ақ NCOC компаниясының демеушілігімен ашылған бұл зертхана университеттің 65 жылдығы мен биыл алғаш рет тойланып жатқан жоғары оқу орны қызметкерлер күніне арналған тарту, - деді Р.Искаков.

Зертхана жұмысы университет пен өнеркәсіп арасында тығыз ынтымақтастық орнатуға, сондай-ақ студенттер мен жас ғалымдарды кернді зерттеу және көмірсутектерді өндіру саласындағы практикалық мәселелерге даярлауға септігін тигізеді.

Айта кетейік, NCOC компаниясы – Utebayev University индустриялды серіктестерінің бірі. Университет бүгінде 100-ден астам кәсіпорынмен серіктестік орнатып, тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға