©El.kz/Арман Мухатов

Елімізде әлеуметтік көмекті кімдер ала алады және өтінішті қалай беру керек?

2025 жылы Қазақстанда 51 мыңнан астам отбасының 274 мыңнан астам мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Жалпы төлемдер сомасы 24,6 миллиард теңгеге жетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

АӘК-тің негізгі мақсаты – қиын өмірлік жағдайларда отбасыларға қолдау көрсету. Көмек тек қаржылай төлем түрінде ғана емес, сонымен қатар еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмыспен қамту шараларына тарту арқылы да көрсетіледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, биыл АӘК бағдарламасын іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 98,4 миллиард теңге қарастырылған.

АӘК қандай бағыттарды қамтиды:

Кірісі кедейлік шегінен төмен азаматтарға әр тоқсанда әлеуметтік көмек көрсету;

Аз қамтылған отбасылардан шыққан 1-6 жас аралығындағы балаларға ай сайын қосымша төлем – әр балаға 1,5 АЕК;

Жұмыспен қамту шаралары – жұмысқа орналастыру, оқыту, өз ісін бастауға гранттар беру және басқа да қолдау түрлері.

Министрлік мәліметі бойынша, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қосымша төлем АӘК алушылар арасындағы 84,6 мың мектепке дейінгі жас балаларға тағайындалған. Жалпы төлем сомасы 3,2 миллиард теңгені құрады.

АӘК алу үшін өтінішті қалай беруге болады:

Қазақстан азаматтары АӘК тағайындау үшін өз мекенжайы бойынша орталықтарға немесе ауылдық округ әкімдеріне жүгіне алады, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтініш бере алады.