Жаңалықтар

Елімізде 6 желтоқсанда магистратураға құжат қабылдау басталады

Білім гранттарын тағайындау конкурсы 12 желтоқсанға дейін жалғасады
Елімізде 6 желтоқсанда магистратураға құжат қабылдау басталады
Фото: inbusiness.kz 04.12.2022 05:34 1657

6 желтоқсанда магистратураға грант тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталады, деп хабарлайды El.kz Ұлттық тестілеу орталығының сайтына сілтеме жасап.

Конкурс 12 желтоқсанға дейін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады.

Барлығы 8 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырды. Олардың 40%-ға жуығы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – 69 балл. Ең жоғары балл – 127. Кешенді тестілеу өткізу барысында 80 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 32 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 48 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды, - делінген орталық жариялаған хабарламада.

Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде беріледі.

Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 6-12 желтоқсан аралығында жоо-лардың қабылдау комиссиялары, оның ішінде онлайн виртуалды комиссиялар арқылы жүзеге асырылады. Яғни, болашақ магистранттар құжаттарды дәстүрлі және онлайн форматта тапсыра алады.

Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет: жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы); КТ сертификаты және бар болған жағдайда шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар. 075/у нысанындағы медициналық анықтаманы жоғары оқу орнына түскенде тапсыруға болады.

Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсетеді. Магистратураға білім беру грантын тағайындау конкурсы 15-25 желтоқсан аралығында өтеді. Магистратураға түсушілер 4 мыңға жуық мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады, – дейді ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Магистратураға білім беру гранты иегерлерінің тізімі ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға