Елімізде 490 мектепте директор жоқ: бұл білім сапасына қалай әсер етеді
Қазақстанда мектеп басқару жүйесінде елеулі кадр тапшылығы қалыптасып отыр. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, бүгінде ел бойынша 490 мектеп директорының орны бос. Бұл туралы ол өңірлік білім басқармаларының басшылары қатысқан кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді.
Министрлік дерегіне сүйенсек, директор тапшылығы әсіресе Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында айқын байқалады. Аталған өңірлерде мектепті басқаруға лайық кадр табу қиындап барады.
Әр бес үміткердің төртеуі талаптан өте алмайды
Кадр тапшылығының басты себептерінің бірі – басқарушылық лауазымға үміткерлердің кәсіби деңгейі. 2025 жылы мектеп директоры қызметіне үміткерлер арасында өткен тестілеуден бар-жоғы 21 пайыз ғана сәтті өткен. Яғни әр бес кандидаттың төртеуі талаптан өте алмаған.
Осыған байланысты министрлік мектеп басқаруына басқа өңірлерден келген тәжірибелі менеджерлерді тарту мүмкіндігін де қарастырып отыр.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, басқарушылық құзыреттіліктің әлсіздігі тек әкімшілік мәселелерге ғана емес, білім сапасына, педагогикалық ұжымдағы ахуалға тікелей әсер етеді.
Министр өз сөзінде кадрлық мәселе тек басқару буынымен шектелмейтінін де атап өтті. Соңғы кәсіби бағалау нәтижесіне сәйкес, мұғалімдердің 52,62 пайызы белгіленген білім шегінен өте алмаған. Ең төмен нәтиже көрсеткен өңірлер қатарында Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстары бар.
Бұл көрсеткіштер білім саласында жүйелі мәселе бар екенін аңғартады.
«Жоба саны емес, білім сапасы маңызды»
Алқа отырысында министр формалды есепке құрылған тәсілді де қатаң сынға алды.
Өкінішке қарай, әлі күнге дейін білім сапасын оқушының нақты білімімен емес, жүзеге асқан жобалардың санымен өлшейтін басқарушылар бар. Бізге қағаз жүзіндегі есеп емес, оқушының білім деңгейінің өсуі қажет. Нәтижеге тек өңірлердегі шынайы жағдайды ашық талқылап, бірлескен шешім қабылдау арқылы ғана жетеміз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Бұған дейін министрдің мектеп директорларын екі оқу жылына ғана тағайындау туралы бастамасы қоғамда үлкен талқылау тудырған еді. Бұл ұсыныс ауыл мен қала арасындағы теңсіздік, кадр тапшылығы, басқарудағы тұрақтылық пен жауапкершілік мәселелерін қайта күн тәртібіне шығарды.
Депутаттар бұл бастамаға сын айтып, жақсы нәтиже көрсеткен басшыларға жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берілуі керек деген пікір білдірді.
Алайда министр өз ұстанымын ашық жеткізді:
Мектеп директоры – өмір бойы отыратын орынтақ емес. Бұл – белгілі бір мерзімге жүктелетін басқарушылық миссия, – деді ол.
Министр көпшіліктің көкейінде жүрген, бірақ ашық қойыла бермейтін сұрақты да ортаға салды:
Қазақстандағы 8 мың директор өмір бойы қызмет етуі керек пе? Ал қабілетті, талантты мұғалімдердің мектеп басқаруына келу мүмкіндігі қандай?
Әлемдік тәжірибе және жаңа модель
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, әлемдік тәжірибеде бұл мәселе әлдеқашан жүйелі түрде шешілген. Мәселен, Сингапур мен Финляндияда директорлар ротациядан кейін де білім саласынан шет қалмайды. Олар ментор, әдіскер, басқару саласының лекторы ретінде жұмысын жалғастырады.
Қазақстанда да осындай тәсілді енгізу көзделіп отыр. Себебі орта білім беру жүйесінде 400 мыңға жуық мұғалім бар. Солардың арасынан басқарушылық әлеуеті жоғары, көзқарасы қалыптасқан мамандарды мектеп басқаруына тарту – басты мақсат.
Министрлік ұсынып отырған жаңа модельге сәйкес:
мектеп директоры алғашқы 2 оқу жылына тағайындалады;
жұмысы оң бағаланса, өкілеттігі тағы 2 жылға ұзартылуы мүмкін;
алайда бір мектепті 4 оқу жылынан артық басқаруға рұқсат етілмейді.

