Жаңалықтар

Елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр

Аталған жоба мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға бағытталып отыр
Елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр
Фото: kazbilim.kz 29.11.2022 10:43 1962

Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Аталған жоба мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге бағытталып отыр.

Жайлы мектептердің айырмашылығы – олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни, пәндік кабинеттер компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар – бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталады.

Мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланады. Бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы болады.

Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады.

Оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «ауызсу фонтандары» қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады.  

2023-2025 жылдары елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінеді.

«Өңір әкімдері жыл соңына дейін жер учаскелерін бөліп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін мұқият ойластыруы қажет. Жобаны іске асыру балалардың жақсы білім алуы үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр Ә.Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға