©Pixabay.com

Елімізде 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі күн тәртібіне қайта шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Онлайн-платформалар қызметін реттеуге бағытталған тиісті заңнамалық түзетулер әзірленіп, қоғамдық талқылауға ұсынылды. Бұл туралы Үкімет отырысында вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн-платформалар мен медиасфераны реттейтін бірқатар заң жобасын дайындаған. Соның ішіндегі басты бастама – кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу және пайдаланушылардың жасын тексеру тетігін енгізу.

Балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. Ұсынылған түзетулер сараптамалық бағалаудан өтті және қазір қоғамдық талқылауға шығарылды, – деді Аида Балаева.

Ұлттық құрылтайдағы алаңдаушылық

Бұл мәселе бұған дейін Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында да көтерілген. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желілердің жас ұрпақтың ойлау жүйесіне тигізіп жатқан әсеріне назар аударды.

Депутаттың айтуынша, қазақстандық балалар арасында клиптік ойлау басым болып, сыни және аналитикалық ойлау дағдылары жеткілікті деңгейде дамымай отыр. Осыған байланысты ол 14-16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу қою мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Әлеуметтік желілер бүгінде тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ықпалды саяси және идеологиялық тетікке айналды. Бірқатар елде жаппай наразылықтар, көше мобилизациясы мен саяси өзгерістер дәл осы онлайн-платформалар арқылы басталып, сол жерде үйлестірілді. Сондықтан бұл мәселе терең әрі жан-жақты талдауды қажет етеді. Мұнда әңгіме тек технология туралы емес, жастардың болашағы мен ұлттық қауіпсіздік жайында болып отыр, – деді Сергей Пономарёв.

Ол бұл бағыттағы жұмысты жүйелеу үшін Жасанды интеллект министрлігін тартып, кешенді талдау негізінде балалар мен жасөспірімдерді қорғауға арналған нақты шаралар әзірлеуді ұсынды.

Халықаралық тәжірибе және шектеудің мәні

Депутат халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Кейбір елдерде 14 жасқа дейінгі, ал жекелеген мемлекеттерде 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заң жүзінде шектеу қойылған.

Бұл – тыйым салу үшін жасалып отырған қадам емес. Мақсат – цифрлық дәуір жағдайында ойлау қабілетін, талдау дағдысын, тірі диалогты және кемел тұлғаның қалыптасуын қорғау, – деді ол.

Заң жобасының негізгі тетіктері

Жаңа нормаларды тиімді іске асыру үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен және Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Заң жобасында пайдаланушылардың жасын растауға арналған техникалық шешімдерді әзірлеу, сондай-ақ талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік шараларын енгізу көзделген.

Алдын ала ұсынылған нормаларға сәйкес, 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салынуы мүмкін. Бұл бастама кәмелетке толмағандарды цифрлық ортадағы зиянды контент пен шамадан тыс ақпараттық ықпалдан қорғауға бағытталған кең ауқымды мемлекеттік саясаттың бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.

Тек тыйым емес, кешенді саясат

Аида Балаеваның айтуынша, ұсынылып отырған шаралар тек шектеу қоюмен шектелмейді. Мемлекет медиасауаттылықты арттыруға, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауға және онлайн-нарықты әділ реттеуге басымдық бермек.

Заңнамалық деңгейде сондай-ақ:

  • онлайн-платформалар мен БАҚ арасындағы жарнама кірістерін бөлу;
  • жекелеген тауар түрлеріне қойылған жарнама шектеулерін ішінара алып тастау мәселелері қарастырылып жатыр.

Бұған дейінгі бастамалар

Айта кетейік, бұл мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Былтыр қарашада Мәжіліс депутаты, бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов те балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне жас шектеуін енгізу қажеттігін айтқан болатын.

Сондай-ақ 2024 жылдың соңында Мәдениет және ақпарат министрлігі «Онлайн-платформалар және массмедиа мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарған. Құжаттағы негізгі бастамалардың бірі – 16 жасқа толмаған азаматтардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салу.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл норма тек әлеуметтік желілерге қатысты. Ал WhatsApp пен Telegram секілді жедел хабар алмасу сервистері, сондай-ақ онлайн-ойындар әзірге бұл талапқа кірмейді.

Әзірге шектеу қойылуы мүмкін платформалардың нақты тізімі жарияланған жоқ. Дегенмен заң қабылданған жағдайда TikTok, Instagram, Facebook, Threads, X (бұрынғы Twitter), VK секілді Қазақстан аумағында жұмыс істейтін барлық ірі әлеуметтік желілерге ортақ талаптар қолданылуы ықтимал.

Балалардың жасын тексеру тетігі де қоғамда қызу талқылануда. Бұл бағытта министрлік Аустралияны қоса алғанда, халықаралық тәжірибені зерттеп жатқанын хабарлады. Қоғамдық талқылау қорытындысы бойынша жас ерекшелігін растау, деректерді қорғау және өзге де техникалық әрі ұйымдастырушылық механизмдер нақты айқындалатын болады.