Жаңалықтар

Елімізде 14 мың шақырым жол жөнделеді

Елімізде 14 мың шақырым жол жөнделеді
Фото: primeminister.kz 11.09.2023 09:00 558

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штабта республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды салу және реконструкциялау мәселелері қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, көлік министрі Марат Қарабаевтың баяндауынша, президент 2029 жылға дейін республикалық желідегі 8 мың шақырым жолды сапалы салу және реконструкциялау міндетін қойған.

Мәселен, таяу жылдары жалпы ұзындығы 4,7 мың км негізгі автожол жобаларын кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда бірінші кезекте 2 мың шақырымға арналған үш жоба тұр. Олар бойынша өте ауқымды жұмыс жүргізілген.

Жалпы 2029 жылға қарай Ұлттық стандартқа сәйкес келетін 300-ден астам жаңа қызмет көрсету нысанының құрылысы жүргізілмек.

Жалпы 2029 жылға дейін облыстық және аудандық маңызы бар 14 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған.

Премьер-министр көлік саласы елдің экономикалық дамуының локомотивтерінің біріне айналуы тиіс екенін атап өтті.

Биыл тәулігіне 50 мыңға жуық автокөлікті өткізуге мүмкіндік беретін «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» алғашқы концессиялық жобасы іске асырылды.

Бұл ретте Үкімет басшысы жолдардың сапасы жиі сынға ұшырап жататынын атап өтті.

Тұрғындардан түсетін шағымдар туралы білесіздер. Қарапайым адамға ол республикалық деңгейдегі жол ма, әлде жергілікті жол ма, ешқандай айырмашылығы жоқ. Оған үйдің жанында, қалада, ауылда немесе елді мекендер арасында жақсы жолдар қажет. Бұл бәрімізге, біздің экономикамызға қажет, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы құрылыс маусымы аяқталуға жақын екенін, сондықтан қыркүйек айында жол-құрылыс жұмыстарын айтарлықтай жандандыру қажеттігін атап өтті.

Бұл ретте премьер-министр көктемде «асфальт қармен бірге шайылып кетпес үшін» жолдардың тиісті сапасын қамтамасыз етуді талап етті.

Тағы бір маңызды мәселе – автомобиль жолдарымен ауыр жүк машиналарының жүруі.

Бір жолды жөндеу және салу кезінде жүк көліктері басқа жолдарды, соның ішінде жаңадан жөнделген жолдарды бүлдіретін жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, Қарағанды облысындағы Нарманбет – Балқаш автожолында жаңадан жөнделген жол бойынша Шұбартау карьерінен кен тасымалдана бастаған. Кен тиелген жүк көлігінің салмағы 60 тонна! Нәтижесінде жаңа асфальт бүлінді. Мұндай мысалдар көп, тіпті қалаларда да кездеседі, — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр жолдарды жобалау және салу, сондай-ақ оларды күтіп-ұстау мәселелерін кешенді түрде шешу қажеттігін атап өтті. Ол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Көлік министрлігі арнайы қайта құрылып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға