Жаңалықтар

Елімізде 102,5 мың гектар алқапты игеру жұмыстары басталды

Елімізде 102,5 мың гектар алқапты игеру жұмыстары басталды
Фото: t.me/KZgovernment 16.05.2024 21:34 489

Бұрын берілген ұйғарымдар бойынша 102,5 мың га алқапта ауыл шаруашылығы жерлерін игеру басталды. Мұндай мәліметтер вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді алып қою жөніндегі отырыста айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылдың басынан бастап АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері жалпы ауданы 321,5 мың га жер пайдаланушыларға қатысты 350 жоспардан тыс тексеру жүргізді.  Тексеру қорытындысы бойынша 192,9 мың га алаңда жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 210 ұйғарым енгізілді. 2024 жылдың басынан бері 645,3 мың га пайдаланылмайтын жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бұрын берілген ұйғарымдар бойынша биыл 102,5 мың га алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін игеру басталды, 477,0 мың га алаңда мәжбүрлеп алу бойынша сот талқылаулары жүргізілуде, — деп хабарлады ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Сондай-ақ кеңесте ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру рәсімдерін цифрландыру бойынша жұмыс барысы туралы ақпарат берілді. Бұл рәсім Жетісу облысы аудандарының бірінде пилоттық жоба түрінде сынақтан өткізілетін болады. Пилоттық жоба  шеңберінде ауыл шаруашылығы жерлерін электрондық түрде беруге арналған конкурсты өткізу пысықталады, балл есептеудің және мемлекеттік дерекқорларды интеграциялау арқылы жеңімпазды айқындаудың жаңа критерийлері белгіленеді. Бағалаудың жаңа критерийлері ауыл шаруашылығы жануарларының басын, ауыл шаруашылығы техникасының, қызметкерлердің болуын, тұрғылықты жері бойынша тіркелуін, әлеуметтік кәсіпкерлік тізілімінде болуын көздейтін болады.

Мен осы жылға комиссия жұмысын қайта форматтап, өңірлердің халқын жайылыммен қамтамасыз ету міндетін қойдым, бұл жұмысты жеделдету қажет. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер бірінші кезекте жайылымға, қажет болған жерлерде халықтың жалпы пайдалануына берілуі тиіс. Осы мәселелердің барлығын ауылдық округ әкімдерімен, әсіресе мал шаруашылығы дамыған өңірлерде пысықтаңыз. Биыл біз суару жобаларына қаржылай қолдау көрсетіп, жерді қайта қалпына келтіріп, жайылымға беруге болатындығына талдау жасайтын боламыз, — деді Серік Жұманғарин.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға