Елімізде 1 шілдеден бастап несие беру ережелері өзгереді
Қазақстанда 1 шілдеден бастап несие беру талаптары күшейтіледі. Жаңа өзгерістер қарыз алушылардың төлем қабілетін нақты бағалауға бағытталған.
Табысың жетсе аласың, жетпесе...
Бұл турасында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұған дейін мәлімдеме жасаған-ды. Оның айтуынша, шілдеден бастап банктер клиенттердің төлем қабілетін қатаң тексере бастайды.
Атап айтқанда, екі жаңа көрсеткіш енгізіледі:
• қарыз жүктемесінің коэффициенті (ҚЖК)
• қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті (ҚТҚК)
ҚЖК табыстың қанша бөлігі несие мен басқа да міндетті төлемдерге жұмсалатынын көрсетеді. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, жаңа несие алу мүмкіндігі соғұрлым төмендейді. Ал ҚТҚК қарыз алушының жаңа несиені қаржылық қиындықсыз өтей алу мүмкіндігін бағалайды. Яғни банктер табыстың қанша бөлігі қарызды жабуға кететінін және жаңа несиені өтеуге шама жетіп-жетпейтінін есептейді.
Ресми табыс болмаса, несие алу қиындайды
Маңызды өзгерістердің бірі – табысыңды ресми растай алмасаң, несие алу мұң болады. Банк бөлімшесіне зейнетақы аударымы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударған төлемді растайтын құжат керек. Егер азаматтың ресми тұрақты табысы болса, несие алу мүмкіндігі жоғарылайды.
Сол үшін жалақыны қолма-қол алатын, еңбек шартынсыз жұмыс істейтіндер мен тұрақты табысы жоқ азаматтардың жағдайы қиындайды.
Жаңа ережелер не береді?
Бұл өзгерістер банктер мен қарыз алушылар үшін тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Яғни, табысы жеткіліксіз бола тұра несие алып, кейін оны өтей алмай қалатын жағдайдың алдын алу көзделіп отыр. Жаңа талаптар несиелеу жүйесінің тұрақтылығын арттыруға тиіс.
Қазақстанда мұндай шектеулер бұрыннан бар. Алайда шілдеден бастап олар жаңартылып, икемдірек болмақ. Енді банктер әрбір қарыз алушының табысын дәлірек есептеп, жеке тәсілмен бағалайды.
Өзгерістер қашан күшіне енеді?
Жаңа талаптар 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сондықтан несие алуды жоспарлап жүрген азаматтарға табысын растау мәселесіне алдын ала назар аудару керек.

