Жаңалықтар

Елімізде 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енеді

Елімізде 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енеді
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 29.06.2023 12:36 929

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Әлеуметтік кодекстің адамның бүкіл өмір сүру кезеңін қамтитынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атап айтқанда, туғаннан кәмелет жасына толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастарды жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек және жасы ұлғайған шақтағы қолдаулар. Енді әлеуметтік қолдаудың барлығы бір құжат арқылы реттеледі, - деді Ақмәди Әділұлы.

Әлеуметтік кодексті әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе мұқият зерделенді. Кодекстің құрылымы 5 бөлім, 22 тарау және 267 баптан тұрады.

Кодекс өз кезегінде күшін жоюға алып келетін 9 заңнан тұрады. Қолданыстағы 50-ден астам заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, - деді вице-министр.

Ал ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің күшіне енуімен биыл 1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының мәртебесі, олардың негізгі ережелері, құқықтары мен міндеттері бекітілгенін айтып жеткізді.

Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету, әлеуметтік қамтамасыз ету кіреді. Оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы заңнаманың сақталуына әлеуметтік төлемдерді уақытылы және дұрыс тағайындау, мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік төлемдерді алушыға уақытылы және толық аудару бөлігінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру көрсетілген, - деді Төлеген Қанақұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға