Елена Рыбакинаның Майами турнирінің финалындағы қарсыласы анықталды
Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің финалына шықты. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық теннисшінің жартылай финалдағы қарсыласы аса тәжірибелі, кезінде дүниежүзілік рейтингіде көш бастаған, қазір 32-орында тұрған Виктория Азаренко еді.
Ол өз спорттық жолында талай табысқа қол жеткізген. Соның ішінде Аустралия ашық чемпионатының екі рет, Майами жарысының үш дүркін жеңімпазы атанып үлгерген. Дегенмен Азаренко мен Рыбакина өзара үш рет кездесіп, бәрінде қазақстандық теннисші басым түскен болатын.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай алды. Сосын сетті өз пайдасына түйіндеді – 6:4.
Екіншісінде Азаренко үш брейк жасап, бет қаратпады – 6:0.
Үшінші, шешуші сетте есеп 2:2 болғанда, Рыбакина брейкпен алға шықты. Бірақ матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберді – 5:5. Дегенмен тай-брейкте өте сәтті ойнады – 7:6 (7:2).
Қазақстандық теннисші ақтық сында әлемнің 53-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен сынға түседі.
Д.Коллинз жартылай финалда әлемнің 16-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрованы жолдан тайдырды – 6:3, 6:2.
Осылайша, 30 наурыз күні Рыбакина Коллинзбен кортқа шығады. Бұл олардың өзара бесінші кездесуі болмақ. Әзірге есеп – 3:1, Елена алда.