Елена Рыбакина Майамиде әлемнің үшінші ракеткасын жеңіп, финалға шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бірінші сетте Елена Рыбакина тай-брейкте қарсыласынан басым түскен еді.
Жаңбырға байланысты үзілістен кейін матч қайта жалғасты.
Екінші сетте Пегула брейк жасап, 3:1 есебімен алға кетті. Дегенмен Елена таразы басын теңестіріп қана қоймай, өзі алға шықты – 5:4. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Бір сағат 52 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық теннисші 11 эйс жасап, 15 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.
Рыбакина финалда бас жүлде үшін әлемнің 12-ракеткасы, чехиялық Петра Квитова немесе рейтингте 74-сатыдағы румыниялық Сорана Кырстяның біреуімен кездеседі.
Айта кетейік, Елена Рыбакина биыл қатарынан үш матчта 10-нан астам эйс жасаған бірінші теннисші атанды.