Елена Рыбакина Дубайда 13 эйс жасап, ширек финалға шықты
Елена Рыбакина Дубай WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 53-орында тұрған Польша өкілі Магдалена Френхпен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар 2018 жылы Тайбэйдегі турнирде кездесіп, онда Рыбакина 6:3, 6:4 есебімен басым түскен еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте поляк спортшысы брейк жасап кетті. Дегенмен ол сетке доп бергенде, Елена таразы басын теңестірді – 5:5. Тай-брейкте 2:5 есебімен ұтылып жатып, қатарынан бес допты өз есебіне жазды – 7:6 (7:5).
Екінші сетті Френх брейкпен бастады – 3:0. Бұдан кейін Рыбакина есепті қысқартқанымен, қарсыласының қайта басымдылық алуына мүмкіндік беріп қойды – 2:4. Ақыры партия Френхтің еншісінде кетті – 6:3.
Үшінші, шешуші партияда есеп 5:4 болған кезде Рыбакина брейк жасай алды – 6:4.
Елена Рыбакина жүлде қоры 3,2 млн АҚШ долларынан асатын доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 26-ракеткасы, италиялық Ясмина Паолинимен кездеседі.