Жаңалықтар

Елена Рыбакина алғаш рет Рим мастерс турнирінің финалына шықты

Елена Рыбакина алғаш рет Рим мастерс турнирінің финалына шықты
Фото: ҚР теннис федерациясы 20.05.2023 13:19 881

Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина Рим WTA 1000 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 20-ракеткасы, 2017 жылғы Ролан Гаррос жарысының чемпионы, латвиялық Елена Остапенкомен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде латвиялық, біреуінде қазақстандық теннисші жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы Рыбакина ойынды брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 4:1. Содан кейін өзі доп берген тартысты геймде төртінші сетболын пайдалана алды – 6:2.

Есесіне екінші партияда латвиялық теннисші алға кетті – 2:0. Жаңбыр жауып кетуіне байланысты есеп 4:2 болғанда, бәсекеде үзіліс болды. Үзілістен кейін Елена таразы басын теңестіріп қана қоймай, өзі алға кетті – 5:4. Сосын екінші матчболын құр жіберген жоқ – 6:4.

Бір сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 6 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. 

Осылайша, қазақстандық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет Рим мастерс жарысының финалына шықты.

Рыбакина финалда әлемнің 47-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининамен бас жүлдені сарапқа салады. Ол жартылай финалда әлемнің 12-ракеткасы, ресейлік Вероника Кудерметованы жолдан тайдырды – 7:5, 5:7, 6:2.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға