©El.kz/Артем Чурсинов

Электросамокаттарды бақылау күшейеді: заң президентке жолданды

Сенат құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заңды және оған ілеспе Әкімшілік кодекске енгізілетін түзетулерді мақұлдады. Құжат президенттің қол қоюына жіберілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Аталған заң құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін күшейтуге бағытталған. Онда профилактикаға қатысатын мемлекеттік органдар мен мамандардың аясы кеңейтіліп, ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктері енгізіледі. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы ұлттық баяндама дайындау көзделген.

Профилактика жалпы, жеке және арнайы шаралар арқылы жүзеге асырылады. Олардың қатарына құқық бұзушылықтардың себептерін жою, ескерту шаралары, қорғау нұсқамалары және әкімшілік айыппұлдар кіреді. Заң аясында виктимологиялық профилактика алғаш рет енгізіліп, азаматтардың ерікті түрде қатысуына мүмкіндік беріледі.

Құжатта балаларды қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қайталанатын қылмыстармен күрес және қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды азайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Бұл ретте әкімдерге балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік органдарды құру құқығы беріледі.

Сонымен қатар заң электросамокаттарды пайдалану тәртібін қатаңдатады. Енді электросамокат иелері мен жалға беру сервистері азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруға, құрылғыларға тіркеу нөмірлерін беруге және пайдаланушыларды есепке алуға міндетті болады.