Жаңалықтар

Электронды темекінің зияны. Вейперлерге қандай қауіп туып тұр?

Электронды темекінің зияны. Вейперлерге қандай қауіп туып тұр?
Фото: © Pixabay.com 25.08.2023 17:46 4051

Соңғы жылдары қоғам нағыз «цифрлық бумның» куәсі болды. Жастар жаңа технологияларды белсенді түрде игеріп, өмір салты мен мінез-құлқын өзгертіп қана қоймай, трендтегі өнімдердің теріс әсерін байқамай қалып жатыр. Мәселен, аз уақытта сәнге айналған электронды темекі көпшіліктің назарын аудартып, алаңдатып қойды. Сәнді дизайны, ерекше хош иісі бар электронды темекіні тұтынатын вейперлер қауымы бұл өнімнің денсаулыққа зиянына көз жұма қарайтындай...

Аккумулятор және буландырғыштан тұратын электронды темекінің құрамында тұрмыстық химия өнімдерінде кездесетін пропиленгликоль, глицерин және түрлі иіс шығаратын хош иістендіргіштер бар. Вейпті қолдану үшін құрылғыға арнайы сұйықтық құю қажет.

Вейперлерге қандай қауіп төніп тұр?

Жастар арасында вейпингтің танымал болуының негізгі факторларының бірі - оның сәнді көрінісі мен ыңғайлы болуында. Электрондық темекінің дизайны мен дәмі ерекше болғандықтан, бұл жастарға өздерінің даралығы мен стилін көрсетуге мүмкіндік береді. Алайда, ғылыми зерттеулер мен медициналық деректер вейперлердің өміріне айтарлықтай қауіп төніп тұрғанын айтады. Электрондық темекіден шығатын аэрозоль құрамында өкпе мен жүрекке зиянды химиялық қосылыстар бар.

Электронды темекінің құрамындағы никотин физикалық тәуелділікті тудырады. Оны қолдануды бастаған орта мектеп оқушылары мен студенттер ғана емес, сонымен қатар жасы кіші балалардың да психоэмоционалды және физикалық денсаулығына әсер етеді. Елімізде вейпті 21 жасқа толма­ған ел азаматтарына сатуға тыйым салын­ған. Бірақ бұл тыйыммен мәселенің шешілуіне ешкім кепілдік бермейді.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) электронды темекі шегушілердің дертіне EVALI атты ресми атау берді. EVALI (E-cigarette, en vaping, product use associated lung injury) "электронды темекі шегуге байланысты өкпенің зақымдануына" қатысты қойылатын диагноз. 

Сондай-ақ бір құрылғыны бірнеше адам пайдаланғанда туберкулез бен гепатит ауруларын жұқтыруы мүмкін. Вейптің ең басты дерті - жүрек пен өкпе ауруларына шалдықтырады, соңы қатерлі ісікке ұласады. Ал сұйықтық құрамындағы хош иістендіргіштер аллергия мен бронхты демікпеге шалдықтырады екен.

Қауіпсіздік талаптарын сақтамаса электронды темекінің аккумуляторы қызып, құрылғы жарылып кетуі де әбден мүмкін. 

Жақында жуынатын бөлмеде электронды темекі шеккен 9 сынып оқушысы қайтыс болды.Оқиға Мәскеуде болған.Сондықтан мектептерде және қоғамдық орындарда вейпинг қаупі туралы және жастар тәуелділіктен көмек ала алатын ұйымдар туралы ақпараттық науқандар өткізу керек.

Аналар кеңесі «Темекісіз Қазақстан үшін» ұлттық коалициясымен бірге вейпке қарсы петиция жариялап, 20 мыңнан астам қолдаушылардан қол жинағанын айта кеткен жөн. Бұл мәселеге Мәжіліс депутаттары да назар аударып, депутаттық сауалдар жолдады.


Қазақстан қашан тыйым салады?

Электронды темекенінің оқушылар арасында кең таралғаны туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз қозғаған еді.

Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай, - деп атап көрсеткен.

Вейпке шектеу енгізу туралы ұсынысты Үкімет те, Мәжіліс те қолдап отыр. Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев вейптен ел бюджетіне ешқандай қаржы түспейтінін айтты.

Вейптен бюджетке ешқандай пайда түсіп тұрған жоқ. Денсаулыққа да мүлдем пайдасы жоқ. Ал салдары ауыр, балалар шексе, ұлттық қауіпсіздік мәселесі туындап отыр. Сол себепті вейптің айналымын арттырмау үшін тиісті шара қолданып, толығымен тыйым саламыз, - деді Жамаубаев.

Вейпке тыйым салу туралы депутаттар сауалына жауап берген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та вейп-өнімнің айналымына тыйым салу үшін нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізу керек екенін айтты.

Қазіргі уақытта Үкімет вейп-өнімдерді таратуға шектеулерді күшейту мәселесін қарастыруда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша 33 елде никотинді тұтынудың электрондық жүйелері мен вейптерді сатуға тыйым салынған. Сондай-ақ 79 елде бұл өнімдерді қоғамдық орындарда пайдалануға, оларды жарнамалауға, насихаттауға және демеушілікке тыйым салатын немесе қаптамада денсаулыққа зиян екендігі туралы ескертулерді көрсетуді талап ететін кем дегенде бір ішінара шара қабылданған, - делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.

Сондай-ақ электронды темекіні таратуға шектеулерді күшейту бойынша түрлі ұсыныстар қаралғанын атап өтті.

Құқықтық актілер туралы» заңның 19-бабының 3-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларына қатысты Кәсіпкерлік кодекс белгілеген жағдайларда және тәртіппен реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі. Осы жылғы 31 мамырда мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, азаматтық қоғам мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жанындағы Сараптама тобының отырысы өткізілді. Онда вейп-өнімдерді таратуға шектеулерді күшейту бойынша түрлі ұсыныстар қаралды. Қазіргі уақытта вейп-өнімнің айналымына толық тыйым салуды көздейтін норма реттеушілік әсерге талдау рәсімінен өтуде. Үкімет осы норманы қолдайды. Реттеушілік әсерге талдау қорытындысы бойынша кодекске түзетулер ұсынылатын болады, - деді Әлихан Смайылов.

Қай елдерде қатаң шектеу енгізілген?

2009 жылы Уругвай вейперлерге толығымен тыйым салған әлемдегі бірінші ел болды. Электрондық темекілерді өндіруге, сатуға және пайдалануға шектеу қойылды.

2011 жылы Аргентина электронды темекілерді әкелуге, сатуға және жарнамалауға тыйым салды.

Камбоджа 2014 жылдан бері электронды темекі мен вейп сұйықтықтарын сатуға және пайдалануға тыйым салды. Тайланд та дәл осы жылы электронды темекілерді және оған қатысты өнімдерді импорттауға, сатуға және пайдалануға тыйым салды.

2019 жылдан бері Бразилия мен Үндістан да темекі шегу мен темекі өнімдеріне толығымен тыйым салынған. Бұған электронды темекі мен соған байланысты өнімдерді өндіруге, сатуға, әкелуге және жарнамалауға тыйым салу кіреді.

Австралияның әртүрлі штаттарында әртүрлі ереже қабылданған. Кейбір штаттарда темекі шегуге тыйым салынған немесе қатты шектелген.

Сингапур мен Колумбия да никотині бар электронды темекі мен вейп-сұйықтықтарды өндіруге, импорттауға және сатуға тыйым салынған.

Жұмыс орнында вейп не темекі шегуге бола ма?

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР кодексінің 110-бабы 5-тармағының 9) тармақшасына сәйкес темекі өнімдерін жұмыс орындары секілді мекемелерде тұтынуға тыйым салынады. Бұл ереже темекі және электронды темекіге қатысты қолданылады. Сондай-ақ бұл заңда темекі өнімдерін тұтыну, оның ішінде қыздырылған темекі, кальянға арналған темекі, кальян қоспасы, темекіні жылытуға арналған жүйелер, электронды тұтыну жүйелері және түрлі сұйықтықтар да көрсетілген.

Сонымен, жұмыс орнында темекі шегу - бұл тәртіп сақтамай, яғни қызметкердің өзінің еңбек міндеттерін орындамауы, сондай-ақ еңбек тәртібін бұзу болып табылады (Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 76-тармағы).

Осылайша, жұмыс беруші қызметкерге "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы"ҚР нормативтік актісі – ҚР Кодексінде көзделген жұмыс орнында темекі шегуге тыйым салу туралы міндеттемелерді орындамағаны және тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жаза қолдануға құқылы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға