© Freepik.com

Электронды темекі харам емес - бұрынғы бас мүфти

05.05.2025 12:55

Таяу Шығыстың ең ірі ақпараттық арналарының бірі — «Аль-Хаят» телеарнасында эфирге шыққан «Дін мен өмір нұры» бағдарламасында ислам әлемінің беделді ғалымы, бұрынғы Мысырдың бас мүфтиі, шейх Али Жұма (Гомаа) темекі мен заманауи электронды құрылғыларға қатысты өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бағдарлама барысында шейх темекіге қатысты бұрынғы пәтуалар мен қазіргі технологиялық өзгерістердің ара-жігін ажыратып көрсетті.

Шейх Али Жұма атап өткендей, Құран мен хадистерде темекіге нақты тыйым жоқ, өйткені бұл өнім ислам діні түскен кезеңде белгілі болмаған. Дегенмен, ислам шариғатындағы негізгі қағидалар — өзіңе де, өзгеге де зиян келтірмеу принципі — темекіні харам етуге негіз болған.

Темекі шегу — харам. Себебі оның зияны нақты дәлелденген, ол жүрек, өкпе және басқа да маңызды ағзаларға әсер етеді. Бұл — ғылыммен расталған дерттің көзі, — дейді шейх.

Темекі түтінінің құрамында 7000-нан астам зиянды зат бар, оның ішінде көміртек тотығы, бензол, канцерогенді шайырлар сынды адам ағзасына орасан зиян келтіретін элементтер кездеседі. Осындай мәліметтерге сүйене отырып, 2005 жылы шейх Али Жұма Мысырдың бас мүфтиі ретінде темекі тартуға тыйым салынған фәтуаға қол қойған болатын.

Алайда қазіргі уақытта технология дамып, темекіні жандырмай, тек қыздыру арқылы аэрозоль бөлетін құрылғылар пайда болды. Бұған байланысты шейх:

Ислам зиянға тыйым салады, бірақ зиянды азайтатын жолға тыйым салмайды. Егер өнімнің айтарлықтай зияны дәлелденбесе, ол харам саналмайды. Исламда жаңа нәрсенің зияны дәлелденбегенше, ол рұқсат етілген болып есептеледі, — деп түсіндірді.

Мысал ретінде IQOS сияқты жүйелер келтірілді. Бұл құрылғыларда темекі қоспасы 350°C температурада жанбайды, тек қызады, нәтижесінде түтін емес, аэрозоль пайда болады. Бұл аэрозольде жану процесінде пайда болатын улы заттар болмайды. Ғылыми зерттеулер мұндай өнімдердің зияны кәдімгі темекімен салыстырғанда шамамен 95%-ға төмен екенін көрсеткен.

Шейх пікірін былай түйіндеді: «Темекі қыздыру құрылғылары — темекіге тыйымды айналып өту амалы емес, керісінше, зиянды азайтудың жолы. Сондықтан оларды сыртқы пішініне емес, ішкі мәніне қарап бағалау қажет. Егер жаңа тәсіл зиянды азайтса — бұл дұрыс бағыттағы қадам. Ал егер ол темекіден толық бас тартуға көмектесе алса — онда ол қолдауға лайық».

Ислам құқық тарихында темекіге деген қатынас заман өзгерісіне байланысты түрленіп отырған. XIX ғасырда кейбір ғалымдар темекіні «макрух» (жақсы емес, бірақ тыйым салынбаған) деп есептеген. Тек XX ғасырдың соңында оның зияны ғылыми тұрғыда нақты дәлелденгеннен кейін ғана харам үкімі берілген.