©Pixabay.com

Электромобильдерге арналған ең сенімді аккумуляторлар анықталды

Қытайдың CATL концерні әлемдегі ең сенімді аккумуляторлар шығарады. Morgan Stanley Research консалтингтік компаниясы осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Америкалық сарапшылардың зерттеуі Қытайдың төрт қаласын қамтыған. Онда 12 түрлі электромобиль моделі, сондай-ақ стационарлы энергия сақтау жүйелері сыналған. Electrek сайтының мәліметінше, барлығы әр өндірушіге тиесілі 100-ге жуық аккумулятор үлгісі тексерілген.

Зерттеу барысында CATL аккумуляторлары электромобильдерде уақыт өте келе сыйымдылығын ең жақсы сақтайтыны анықталған. Шартты түрде 2 миллион шақырым жүргеннен кейін де мұндай батареямен жабдықталған көліктер шамамен 400 шақырымға дейінгі жүріс қорын сақтаған. Ал басқа өндірушілердің аккумуляторлары табиғи тозуға байланысты орта есеппен 350 шақырым ғана қамтамасыз еткен.

CATL-дің сенімділігі тек электромобильдермен шектелмейді. Қытайдағы жел электр станцияларында қолданылып жатқан стационарлы энергия сақтау жүйелері де жоғары нәтиже көрсеткен. 14 жыл пайдаланылғаннан кейін де бұл батареялар сыйымдылығының шамамен 90 пайызын сақтап қалған.

Қазіргі таңда әлемдегі аккумуляторлық элементтердің шамамен 40 пайызы Қытайдағы CATL-ге тиесілі зауыттарда өндіріледі. Компания өз өнімдерін Tesla, Volkswagen, Mercedes-Benz сияқты жетекші автоконцерндерге жеткізіп отыр.

LFP-батареялар: 20 жылға дейін қызмет етеді

Аккумуляторлардың мұндай ұзақ қызмет етуінің бір себебі – 2010-жылдары саланың литий-никель-кадмийлі аккумуляторлардан (LNMC) литий-темір-фосфатты (LFP) батареяларға көшуі. 2020-жылдары шығарылған электромобильдердің басым бөлігі дәл осы LFP технологиясымен жабдықталған.

LFP-батареялар қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімділігімен ерекшеленеді. Иә, бастапқыда олардың сыйымдылығы сәл төмендеу болды. Алайда инженерлік шешімдердің арқасында бұл мәселе біраз шешіліп, батареялардың жалпы тиімділігі артты.

CATL есебіне сүйенсек, қазіргі буындағы LFP-батареялар 20 жылға дейін жұмыс істей алады. Олар қызмет ету мерзімі ішінде 12 мың зарядтау-разрядтау циклін көтере алады, яғни тәулігіне орта есеппен 1,5-2 рет зарядтауға есептелген.

Ұзақ қызмет ету – жалғыз өлшем емес

Дегенмен электромобиль таңдағанда тек аккумулятордың ресурсына сүйену жеткіліксіз. Маңызды факторлардың бірі – суық климатқа төзімділік. Жақында қытайлық сарапшылар электромобильдерге арналған ірі қысқы сынақ өткізді.

Сынақ нәтижесіне сәйкес, Tesla қатты аяз жағдайында төзімді көліктер қатарына енбеген. Ал BYD мен Xpeng аккумуляторлары сенімділік жағынан көшбасшы болмаса да, экстремалды суықта жақсы нәтиже көрсеткен.