x.com/DoluBatarya

Электромобильдерді енді 5 минутта қуаттауға болады

Лас-Вегаста өткен тұтынушылық электроникаға арналған CES-2026 жыл сайынғы көрмесінде электромобиль индустриясына түбегейлі өзгеріс әкелуі мүмкін тың технология таныстырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Top Gear дерегіне сүйенген финляндиялық Donut Lab компаниясы көлік құралдарына арналған әлемдегі алғашқы толық қаттыэлектролитті аккумуляторды көпшілік назарына ұсынды.

Жаңа батареяның басты артықшылығы – толық қуатталуға небәрі 5 минут жеткілікті. Аккумулятордың энергия тығыздығы 400 Вт·сағ/кг деңгейінде, бұл қазіргі литий-ионды батареялармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш саналады.

Қауіпсіздік пен төзімділік – басты басымдық

Дәстүрлі литий-ионды аккумуляторлардан айырмашылығы, бұл технологияда сұйық емес, қатты электролит қолданылады. Соның арқасында батарея қауіпсіздігі айтарлықтай артады: ол механикалық зақым алған жағдайда да, экстремалды температурада да өртенбейді. Өндірушілердің мәлімдеуінше, аккумулятор -30°C пен +100°C аралығында сыйымдылығының 99 пайыздан астамын сақтайды, тіпті 100 мың зарядтау циклынан кейін де өнімділігін жоғалтпайды.

Компания тағы бір маңызды жайтты атап өтті: аккумулятор құрамында сирек кездесетін әрі қымбат материалдар жоқ. Бұл өз кезегінде шикізат жеткізілімінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өндіріс құнын классикалық литий-ионды батареялардан да төмендетуге мүмкіндік береді.

Электромотоциклдерде сыналды

Жаңа технология ең алдымен Verge Motorcycles компаниясының электромотоциклдерінде қолданылады. Атап айтқанда, TS Pro және Ultra модельдерінің 2026 жылғы нұсқалары осы аккумулятормен жабдықталады. Өндірушілердің айтуынша, мотоциклдер 10 минуттан аз уақытта толық дерлік қуат алып, әрбір минуттық зарядтау барысында 60 шақырымға дейін жүріс қоры қосылады. Ал сыйымдылығы арттырылған нұсқасы бір зарядпен 600 шақырымға дейін жүре алады.

Алғашқы сериялық жеткізілімдер 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.

Нарыққа ықпалы қандай?

Сарапшылардың пікірінше, бұл жаңалық электромобильдер мен электр көліктерінің ең үлкен мәселелерінің бірі – ұзақ қуаттау уақытын түбегейлі шешуі мүмкін. Егер технология кең көлемде өндіріске енгізілсе, электромобильдер іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктермен бәсекеде тағы бір маңызды басымдыққа ие болмақ.