Жаңалықтар

Электрокөлікпен жүретін күн алыс емес

Болашақ көлігі қандай болмақ
Электрокөлікпен жүретін күн алыс емес
16.08.2017 01:10 7111

Елімізде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтіп жатқандығын  еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жақсы біледі. Әсіресе, „Болашақ энергиясы„ деген тіркес санамызда әбден сіңіп қалды. Дей тұрғанмен, көрменің тақырыбы неге бұлай аталғаны жөнінде көп ойлана бермейміз. Жалпы, болашақ энергиясы дегеніміз не? Болашақ энергиясы ол — күн, жел және су. Энергияның аса үлкен қоры болып табылатын бұл табиғи байлықтан қуат алу арқылы біз экономикамызды жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік аламыз.

Күнделікті ұялы телефонды тоқ арқылы қуаттандырып жүргеніміздей, астымыздағы көлігімізге де қуатты электр жүйесі арқылы беретін күн алыс емес. Бүгінде әлемдік автокөлік нарығында іштен жанатын қозғалтқыштан бас тартып, электроқозғалтқыштарға басымдық беру - тұрақты тенденцияға айналды. Яғни, электрлік көліктерді жасау жыл санап көбею үстінде. Қазақстан да бұл әлемдік трендтен шетте қалмады. 2016 жылы Өскемен қаласындағы «Азия Авто» зауытында KIA SOUL оңтүстік Корея үлгісінің негізінде алғашқы отандық электрокөлік жасалып шығарылды. Әзірге әңгіме электрокардың сынақтық үлгісі жайлы ғана. «Азия Авто» көлік зауытының президенті Ерік Сағымбаевтың айтуы бойынша, бұл бағыттағы негізгі міндет — инженерлік тұрғыдан жинақтау мүмкіндігін зерттеу және еліміздегі шарттарға сәйкес электрокөлікті іске қосып тексеріп көру.

— KIA Soul автокөлігі бір кездері Қазақстан нарығы үшін ерекше қызығушылық тудырған үлгі болды. Оны біздің еліміздің климаттық жағдайларына, жолдарға сәйкес келуін тексеру мақсатында бірнеше мәрте сынақтар жүргіздік. Электрокөліктің тәжірибелі үлгісі сынақ барысында жақсы нәтиже көрсетті. Батареядағы толық қуат көзі 220 километрге немесе үздіксіз 18 сағат жұмыс істеуге жетеді. Сондай-ақ, электромобильдің техникалық сипаттамалары да таң қаларлық.

Көлік аккумуляторын қуат көзіне қосу үшін 220 вольті бар тұрмыстық розетканы пайдалануға болады. Инфрақұрылымға келетін болсақ, бұл экологиялық таза көлік әзірге Қазақстан жолдарында жүруге дайын емес. Яғни, Қазақстан қалаларында электробекеттер ашылмаған. Алайда  зауыт басшысының айтуы бойынша, бұл электрокөлік саласының дамуын тежеп тұрған негізгі себеп емес. Басты фактор - экологиялық таза көліктердің тым қымбат болуы.

Электрокөліктерге байланысты мәселелер тек өндірісті дұрыс ұйымдастыруға ғана тәуелді емес. Шыны керек, қазіргі технология тұтынушының сұранысына сай автокөліктер жасауға мүмкіндік беріп отырған жоқ. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама мен үкіметтің қолдауынсыз бұл көліктерді қазіргі бензинді қозғалтқышы бар автокөліктердей кеңінен танымал әрі қолжетімді ету мүмкін емес.

Кейбір елдерде эко көлікті таңдаған жандарға мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіледі. Мысалы, Қытайда жеңіл көлік сатып алу үшін берілетін субсидия 15 мың доллар, ал автобус аламын деушілерге 80 мың долларға дейін беріледі. Электрокөліктер көп мөлшерде ұсынылған елдер тізімінде он бес мемлекет бар. Олардың адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі жоғары деңгейде. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш орташа қалыпта. Сонда да, электрокөлік сатып аламын деушілерге белгілі бір көлемде жеңілдік жасалады.

Осыдан бір жыл бұрын алғашқы отандық электрокөліктің шығарылып, сынақтан өту сәтінде халықтың ерекше қызығушылығын байқаған едік. Тіпті, алғашқы электромобильді сынау сәтіне Елбасының өзі қатысып, бағасын беріп кетті. Жақында халықаралық сарапшылар Қазақстанда адамдар электрокөлікті құны қарапайым автокөліктен екі еседен аспаған жағдайда ғана таңдайтынын айтқан еді. Ал осы жаңа көлік түрінің нақты бағасы нарыққа жол тартқан сәтте ғана белгілі болмақ. Бүгінгі күннің өзінде еліміздегі электромобильдің саны жүзден асады. Сол санаулы электрокарлардың жүргізушілері жаңа көліктерінің оң тұстарын байқап үлгерді. Әрине, артықшылықты бірден байқауға болады. Себебі мұнда жанармай құюдың қажеті жоқ әрі техникалық қызметі де арзан. Болашақта елімізде электрокөлікке арналған бекеттер пайда болса техникалық қызметтің бағасы тіптен төмендейді. Себебі мұнда қозғалтқыш майы мен ауыстырмалы сүзгілердің қажеті жоқ. Бұл тек үнемді ғана емес, автокөлікті іске қосуда жұмыс барысын да біршама жеңілдетеді.

Жалпы, Қазақстанның автобизнес саласында 7 ірі автомобиль құрастыру зауыттары жұмыс атқарып келеді. Олар көліктің жаңа үлгілерін шығарумен қатар, экологиялық таза, қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін көліктің озық түрлерін шығаруға да негізделген. Дегенмен, бұл жоспар 2017 жылдың емес, шамамен  2020 жылдың еншісінде. Демек, біраз жылдардан кейін Қазақстанда жасалған электрокөліктерді көше бойынан жиі кездестіруіміз қалыпты жағдайға айналуы мүмкін.  Яғни, ескірген технологияның орнына экологиялық таза көлік өндірісі келмек. Ең бастысы, осы мақсатта алғашқы қадам жасалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға