The Verge

Электрокардың экологияға зияны бар ма?

28.10.2025 19:41

Адамзат экологиялық апат шегіне жақындаған мына заманда көліктердің қоршаған ортаға әсері – ең өзекті тақырыптардың бірі. Бірі – бензин иісі мен түтінге тұншыққан дәуірдің символы болса, енді бірі – таза энергия мен болашақтың үміті іспетті. Бірақ шын мәнінде табиғатқа зиян аз тигізетіні қайсы: электрокар ма, әлде бензинмен жүретін көлік пе?

Электрокар – үміт пен уәде

Соңғы жылдары электромобиль әлемдік нарықта бұрын-соңды болмаған сұранысқа ие болды. Олардан қоғам таза ауа мен тыныс кеңістігін күтеді. Әлемнің дамыған елдері — Еуропалық одақ, АҚШ, Жапония — 2050 жылға дейін көміртек бейтараптығына жетуді жоспарласа, Ресей бұл межені 2060 жылға белгілеген.

Ірі автоконцерндер — Volvo, Volkswagen, Mercedes-Benz, BMW, Audi — электр көліктерін негізгі бағытқа айналдырды. 2023 жылы дүние жүзінде 14 миллионнан астам электрокар сатылған, бұл – бір жыл бұрынғыдан 35 пайызға көп. Сарапшылар 2024 жылы бұл көрсеткіш тағы 25 пайызға өсуі мүмкін деп болжайды.

Электрокардың басты артықшылығы – ол шығарындыларсыз жұмыс істейді. Қала көшелерінде түтін мен газ иісі азаяды, демек ауаның сапасы жақсарады. Бірақ мәселенің ар жағында басқа шындық бар.

Электр көліктердің «тазалығы» – шартты ұғым. Оларды қуаттандыру үшін қажет электр энергиясы жылу электр станцияларында, яғни көмір, мұнай немесе газ жағу арқылы өндіріледі. Бұл – парниктік газдар шығарындыларының негізгі көзі. Демек, электрокар түтін шығармаса да, оны қуаттандыратын жүйе бәрібір табиғатты ластап отыр.

Тағы бір өзекті мәселе – аккумулятор өндірісі. Литий мен никель сияқты сирек металдарды өндіру үшін орасан көп су мен энергия жұмсалады. Кен өндіру кезінде экожүйе бүлініп, өндірістік қалдықтар жер мен суды улайды. Ал пайдаланылған аккумуляторларды жою — қазіргі таңда шешімі толық табылмаған экологиялық түйткілдердің бірі.

Бензин көліктерінің «ескі жарасы»

Бензин мен дизельмен жүретін көліктердің зияны – көзге көрініп тұрған ақиқат. Олардың әрбір қозғалысы – атмосфераға тарайтын көмірқышқыл газы мен күйе. Бұл — жаһандық жылынудың, қала ауасының ластануы мен адам денсаулығының нашарлауына себеп.

Мұндай көліктерді өндіру арзанырақ болғанымен, олардың жыл сайынғы экологиялық ізі әлдеқайда ауыр. Бір орташа бензин көлігі жылына шамамен 4–5 тонна көмірқышқыл газын бөледі. Бұл – бір ғана машинаның үлесі. Ал әлемде мұндай көлік миллиондап жүр.

Ғылым не дейді?

Зерттеулерге сүйенсек, электрокардың шын мәнінде экологиялық тиімді болуы оның қуат көзіне байланысты. Егер көлік жаңартылатын энергиямен — күн, жел немесе су электр станциялары арқылы қуатталса, онда оның көміртек ізі бензин көліктеріне қарағанда бірнеше есе төмен.
Ал егер энергия көмір станцияларынан алынса, айырмашылық шамалы.

Сондықтан ғалымдар көліктің экологиялық әсерін бағалағанда оның толық өмірлік циклін ескеру қажет дейді:

  • өндірістен бастап;

  • пайдалану кезеңіне дейін;

  • қайта өңдеу немесе жою үдерісіне дейін.

Электр көлігі қазіргі таңда экологиялық құтқарушының бейнесіндей көрінгенімен, оның өндірісі мен қуат көзі табиғатқа салмақ түсіреді.
Бензин көліктері дәуірдің символына айналғанымен, олардың экологиялық зияны айқын әрі тікелей.

Болашақта экологиялық таза көлік ұғымы тек электрокардың өзімен емес, оны қуаттандыратын энергия жүйесінің тазалығымен өлшенбек.
Сондықтан нағыз экологиялық шешім – жаңартылатын энергия көздеріне толық көшу. Сол кезде ғана электр көліктерін адамзаттың табиғат алдындағы жауапты таңдауы деп атауға болады.