Жаңалықтар

Елдос Сметов алтын медальға қол жеткізу үшін қандай сынақтан өткенін айтты

Елдос Сметов алтын медальға қол жеткізу үшін қандай сынақтан өткенін айтты
Фото: instagram.com/yeldos60kg 30.07.2024 17:47 619

Париж Олимпиадасында чемпион атанған Елдос Сметов Қазақстан халқына алғысын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мен - Олимпиада чемпионымын! Өзімнің медаль жиынтығыма тек осы бір медаль жетпей тұрды. Бұл медальді осыған дейін екі рет екі жағынан көріп кеттім. Қол созым жерде қалдырдым. Міне, енді Олимпиаданың алтыны менікі. Парижге тек алтын алуға келген болатынмын. Арманым орындалды. Шүкір, бақыттымын!

Қанша күннен бері мені құттықтап, жылы лебіздеріңізді, сый-сияпаттарыңызды арнап жатқандарыңызды көріп отырмын. Баршаңызға Алла разы болсын! Көп рахмет! Сіздердің қолдауларыңыз, қазақ халқының қолдауы мен үшін қашан да ыстық және әлемнің қай бұрышында күрессем де мен оны сеземін. Бұл - Қазақ спортынының, қазақ дзюдосының көптен күткен тарихи алтыны, - делінген мәліметте.

Спортшы бұл алтынға жету үшін көптеген қиындықтан өткенін және орта жолда сынып кетпеуіне талай жанның көмек қолын созғанын алға тартты.

Қажырлы еңбек, арманға деген адалдық, мақсатқа деген батыл қадамдар, жарақатқа төтеп беру, талап, тәртіп мені осы шыңды бағындыруға беттеді. Біздің Олимпиада жолымыз үш бөлімнен тұратын ұзақ сапар болды. Осы уақыт аралығында маған қолдау көрсеткен, жігерімді жаншымай үнемі жанымнан табылған, сенген, демеген әуелі ата-анама, отбасы-бауырларыма, асыл жарыма, балаларыма шексіз рахметімді айтамын. Әрине, жеке бапкерім, екінші әкем Ғалымжан ағайдың еңбегін сипаттауға сөз жетпейді. Кәсіби спортшыларды қолдап отырған Мемлекетімізге, Қазақстан дзюдо федерациясына және «Динамо» ұжымына, өзімнің Jenys клубыма алғысымды жеткізгім келеді. Баршаңызға армандаңыздар, сеніңіздер және оған қол жеткізіңіздер дегім келеді! – деді Сметов. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға