Жаңалықтар

Елдегі жол апатынан қайтқандардың саны соғыста өлгендерден көп - депутат

Елдегі жол апатынан қайтқандардың саны соғыста өлгендерден көп - депутат
Фото: Pixabay.com 20.04.2023 12:17 941

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков премьер-министр Әлихан Смайыловқа жол апатынан қаза табатындардың көбейгені жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ол қаза тапқандардың саны көбейіп келе жатқанына алаңдаулы екенін айтты. Мәселен елімізде жыл сайын 10-15 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 2 мыңға жуық адам қаза табады.

30 жылда жол апатынан қайтқандардың саны Ауған соғысында қаза тапқан КСРО әскер санынан 4 есе асып отыр. Өкініштісі, жол апатынан қаза тапқандардың саны жыл сайын өсуде. Сарапшылардың пайымдауынша, жол-көлік оқиғаларының көбеюінің негізгі себебі емтиханды тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін еш кедергісіз оп-оңай алғандар, - дейді депутат.

Ол жыл сайын жол ережелері емтиханын тапсырушылардың саны орташа есеппен 424 мың адамды құраса, ең төменгі жобамен олардың 10 пайызы, яғни 42 мың адам куәлікті сатып алса,  сатудан түскен қаражаттың көлеңкелі айналымы жыл сайын 8 миллиард теңгеден асады деп айтты.

Сондай-ақ депутат адам өліміне әкелетін осындай қылмыстардың өршіп тұруына неге жол беріліп отырғанын сұрап, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, жүргізуші куәлігін алуға емтихандарды қабылдау жөніндегі қызмет түрін үшінші тұлғаға заңсыз негізде беріп отырғандығын тілге тиек етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға