Фото: Арман Мухатов/El.kz

Елдегі жастар саясаты қалай өзгереді. Жаңа баяндама таныстырылды

12.12.2025 19:27

Астанада «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстан жастары – 2025» Ұлттық баяндамасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

 Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов ұлттық баяндаманың тек ғылыми талдау емес, жастар саясатына нақты бағыт беретін құжат болуы керектігін айтты.

Фото: Арман Мухатов

 Бұл құжат жастармен жұмыс істеу саласында нақты бағдар беретін жол картасына айналуы тиіс. Ұлттық баяндама Мемлекет басшысына ұсынылғаннан кейін барлық өңірде бюджетті жоспарлау мен жастар саясатына қатысты тәсілдерді нақтылауға негіз болады, – деді вице-министр.

 Оның айтуынша, соңғы 13 жылда дайындалған ұлттық баяндамалар елдегі жастарға қатысты ауқымды деректер қорын қалыптастырған. Алдағы кезеңде осы мәліметтер негізінде терең әрі көпфакторлы зерттеулер жүргізу көзделіп отыр.

 Ал «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева ұйымның жыл бойғы жұмыс бағытын таныстырып, биылғы ұлттық баяндаманың құрылымында маңызды жаңалықтар бар екенін айтты. Оның сөзінше, 2025 жылғы баяндама мазмұны бұрынғы жылдармен салыстырғанда ауқымдырақ, оған екі жаңа тарау қосылған. Оның бірі – жастар арасындағы қылмыс пен қауіпсіздік, екіншісі – мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі туралы бөлім.

Фото: Арман Мухатов

 Жастарды қолдауға арналған бағдарламалар көп. Бірақ олардың бәрі бірдей тиімді емес, кейбірі толық іске аспайды. Сондықтан бұл бағытты жеке тарау ретінде енгізуді қажет деп санадық, – деді Гүлісхан Нахбаева.

 Директордың айтуынша, орталық тек ұлттық баяндамамен шектелмейді.  

Жыл сайын өңірлерге шығып, жастармен бетпе-бет форматта әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі, жастардың құндылықтары, медиа тұтынуы, еңбек нарығындағы үрдістер секілді бағыттарда аналитикалық материалдар әзірленеді. Осы ұсыныстар ашық түрде жарияланып, мемлекеттік органдарға нақты ұсыныс ретінде жолданады, – деді ол.

Фото: Арман Мухатов

 Сонымен қатар ол еліміз бойынша жұмыс істейтін 235 жастар ресурстық орталығының қызметін біріздендіру мақсатында бағалау жүйесі дайындалғанын атап өтті. Бұл бастама өңірлердегі жұмыстың сапасын салыстыруға, нақты көрсеткіштер арқылы тиімділікті өлшеуге мүмкіндік береді.