Жаңалықтар

Елде газ баллондарын пайдалану мерзімі 10 жылға қысқарады

Елде газ баллондарын пайдалану мерзімі 10 жылға қысқарады
Фото: © Freepik.com 12.09.2024 22:35 407

Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Қазақстанда қолданылатын газ баллондарының жарамдылық мерзімін 30 жылдан 20 жылға дейін қысқартуды көздеп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл үшін мемлекеттік заңнамаларына өзгерістер енгізіледі.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің түсіндіруінше, Қазақстанда 1970-80 жылдардан бері пайдаланылып келе жатқан газ баллондарының саны 348 мыңға жуық. Олардың жарамдылық мерзімі 30 жылдық межеден әлдеқашан асып кеткен.

2018-2022 жылдар аралығында баллондардың жарылуы мен газ-ауа қоспасының жарылуының 346 жағдайы болды, 522 адам зардап шекті, оның 97-сі қайтыс болды. Тек 2023 жылы 167 адам жарақат алып, 21 адам қайтыс болған. Бұл жағдайлар қоғамдық резонанс тудырады, өйткені төтенше жағдайлар құрбандары – балалар мен тұрмысы төмен азаматтар.

Апаттылықты азайту және газ баллондарын пайдаланудағы қауіпсіздікті жақсарту мақсатында олардың өндірісін және айналымнан шығаруына бақылауды күшейту қажет. Мерзімі өткен баллондар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Мұндай қауіпті жою үшін мерзімі өткен баллондарды кәдеге жарату және олардың қызмет ету мерзімін қысқарту қажет. Бұл адамдардың қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауға көмектеседі. Сонымен бірге, Ресей мен Беларусьте нормативтік құқықтық актілер газ баллондарының қызмет ету мерзімі 20 жыл деп көрсетілген, – делінген Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің түсіндірмесінде.

Жарамдылық мерзімі өткен газ баллондары арнайы акт жасала отырып жойылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға