Жаңалықтар

Елбасының тарих туралы тағылымды ойлары

Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Елбасының «Таңдамалы сөздер» атты 7 томдық жинағынан үзінділер келтіріп отырмыз.
10.09.2015 04:49 27038

Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Елбасының «Таңдамалы сөздер» атты 7 томдық жинағынан үзінділер келтіріп отырмыз.

Елбасының тарих туралы тағылымды ойлары

«Қазақ халқы - тамырын жеті қабат жер астына жіберген алып бәйтеректей, өзегін ғасырлар тереңінен тартып, осынау қасиетті ұлы даласынан табан аудармай, дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халық. Оның тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі Қазақ хандығы шаңырақ көтерген XV ғасырдан бас­талмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, халықтың қалыптасуы бір басқа. Бүгінгі қазақ халқы - сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған қазақ.

Тарихи таныммен ұр­­­­­­пақ өсе­ді, ұлттық сана қалып­та­сады.

Дешті Қыпшақты билеп тұрған Шәйбан тұқымымен ат құйрығын кесісіп, қол астындағы ұлыстарын Шу бойына алып келіп, Қазақ деген ел еткен Керей мен Жәнібектің орны бөлек.

Қазақстан тәуелсіздігі - ең алдымен ұлтымыздың ежелден бостандыққа деген асқақ рухының жеңісі. Азаттық рухы кең көсілген Арқадан кербез Алатауға дейінгі, алтын тамыр Алтайдан кәрі Каспийге дейінгі ара­­­лықта ұлан-ғайыр даланың ұлы өрке­ниетін қалыптастырған батыр баба­ларымыздың қайсар мінезінен оянған еді. Керей мен Жәнібекке алғаш­қы Қазақ хан­ды­­ғын құрғызған да сол бостаншыл рух емес пе?

Қазақ хандығының дүниеге келуі бұрын Қазақстанның барлық аумағында өріс алған әлеуметтік-экономикалық және этносаяси үдерістердің заңды нәтижесі болды.

Алтайдан Атырауға дейін, Сыр бойынан Тобылға дейін созылған кең-байтақ далада XV ғасырда құрылған Қа­зақ хандығы Ұлы далада бұ­рын-соңды болмаған ұлы мем­лекеттердің заңды және лайықты мұрагері болып саналады.

Қазақ ұлтының бүгінгіге дейінгі қат-қабат тарихының мазмұны азаттық үшін күрес­ке сайып келеді. Елдік пен бостандық жолындағы күре­сіміздің байырғы скиф, ғұн, оғыз, сақ, үйсін, қаңлы, қып­шақ замандарынан кешегі шер­лі Желтоқсанға дейінгі сан ғасырлық шежіресі бар.

Халқымыздың қатпар-қат­пар тарих қойнауларына тамырын жайған, бірде қасірет­ті, бірде мейірбан тағдыры ­ұда­йы тәуелсіздікке талпынумен өтті.

Тарих дегеніміз тек өткеннің сабағы ғана емес. Ол - едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі.

Қазақстан тәуелсіздігінің тарихы аппақ парақ бетіне өздігінен түсе қалған жоқ, оның көне дәстүрлері бар. Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну және болашақтың дидарын көзге елес­тету үшін біз өткенге көз жіберуіміз керек.

Бүгінгі ісімізге қарап ұрпақ­тарымыз бізге баға беретін болады.

Түркі көшпенділерінің әлем тарихында алар орны ерекше. Сан ғасырлар бойында түркілер құрған империялар, әу баста жаугершіліктің арқасында дүниеге келгенімен, бара-бара едәуір дәрежеде өркениетті ендіруші рөл атқарды.

Қасиетті қазақ жері - ата-бабалары­мыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер.

Тарихымыздың тереңдігі мен тұтасты­ғына ешбір байыпты зерттеушілер бүгінде таласа алмайды.

Тарих - кім-кімнен де жоғары тұрған ұғым.

Тарихты танып, зерделеу керек, тарихты таразылау керек, сонда тағдырыңды, бү­­­­гінгі тұрпатыңды танисың, келешегіңді бағ­дарлайсың, алдағы жүрер жолыңның сіле­мін табасың.

Тарих - өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі.

 Халқының басына түскен тауқымет қабырғасын қайыс­тырып, сол жолда басын бәске тігіп, қасықтай қанын аямай, шыбын жанын шүберекке түйген өр тұлғалардың тағды­рын танытатын да, ұрпаққа өнеге етіп, алдына тартатын да - тарих.

Қай заманда болсын тарих жолы тылсым да қатерлі. Біздің тарихымызда да өрлеу мен құлдырау кезеңдері аз болған жоқ, халқымыз талай тауқымет пен ауыртпалықты бастан кешірген қаралы, қайғылы шақтар да болды. Сонау бағзы заманнан осы күнімізге дейін дербес мемлекеттігіміз жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын қиған ардақтарымыздың ісі мен есімін орасан зор құрметпен еске алатынымыз тегін емес.

Тарих жолы қашанда тайғақ.

Шын мәнінде, түп шежіресі сонау түркілерден бас алатын қазақ халқы өзінің жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел, жоралы жұрт қалпын сақтап қалғаны - оның еркіндік сүйгіш ерік-жігерінің, асқақ рухының арқасы. Осы жолда арғы-бергі замандарда орын алған бас көтерулердің, қозғалыс-көтерілістердің арқасы. Елі мен жері үшін жанын пида еткен боздақтардың арқасы.

Тарихтың ұлы қайда бағыт ұстап, шерлі шежіре парақтары қанша аударылса да, мыңдаған жылдар бойы Еуразия атты қарт материк талай аласапыран оқиғаларды басынан өткізсе де, осы апайтөс құрлықтың дәл ортасындағы ұшы-қиыры жоқ Ұлы Даланы «үстінде көк аспан, астында қара жер жаралғаннан бері» мекен етіп келе жатқан халық әр кезде де Бостандық, Еркіндік, Азаттық ұғымдарымен өмір сүріп келеді.

Өткеннің өнегесі - бүгінгінің баға жетпес байлығы.

Қазақ халқы өзінің бауыр­малдығымен, көрші хал­қына адалдығымен, құша­ғы­ның кең­дігімен және қонақ­жай­лылы­ғымен ежелден аты шыққан. Бұл біздің ұлттық мақта­нышымызды құрайтын асыл қасиет. Осы қасиеттің арқа­сында халқымыз мемлекет құраушы ұлт ретінде татулық пен келісімнің ұйытқысы болып келеді.

 Бабаларын қалтқысыз қастер­лей алған халық бала­ларының болашағын да қа­пысыз қамдай алмақшы.

Тарихтан тағылым алма­ғандар өтемін өз қанымен төлейді.

Тәуелсіздіктің тайғақ ке­шулі жолында алдымыздан шығатын асу-асу белдер де болады. Ұлттың ұлан асуында ұйытқи соғатын желдер де болады. Сол асу-асу белдерде белімізді тал­­­дырмауымыз керек. Сол ұйытқи соғатын жел­дерде ұлы мұраттарымызды ұмыт қалдыр­ма­уы­мыз керек. Нағыз тәуелсіздікке қиын істе тәуе­келге бара алатындардың ғана қолы жетеді.

Өз тарихын сыйламаған, өзін де сыйламайды.

Біз алтын таққа отырған асқақ дәуірлерді де, өзгенің бодауында болған кер заманды да бастан кешкен елміз. Сондықтан халқымыз азаттық рухын терең сезініп, жан-жүрегімен түсіне біледі.

Біз тарихты ұғынуда дана болуға және бұл тақырыпты саясаттандыруға жол бермеуге тиіспіз»


Елбасының "Таңдамалы сөздер" атты кітабынан.

Сурет "Ақорда.кз" сайтынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға