Елбасы "Қазақ елі" сериалының шығармашылық тобымен танысты
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақфильм» киностудиясына барып, киностудия қызметімен, оның жаңа жобаларымен және киноөндіріс үдерісімен танысты.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, «Қазақ Елі» сериалының түсірілім алаңын көріп, шығармашылық топпен әңгімелесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құрылуы туралы баяндайтын, жұмыс барысындағы бастапқы атауы «Так сложились звезды» деп аталатын фильм түсірілімі жүріп жатқан алаңда болды. Бұл фильмдердің барлығы жыл соңына дейін көрерменге жол тартады деп күтілуде. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңындағы ең ірі жобалардың бірі болмақ.
«Қазақфильм» – республикамыздың жаңғыртудан кейін сапалы киноөнімдер шығару мүмкіндіктері арта түскен басты киноөндіріс орны.
Шығармашылық топ мүшелерінің айтуынша, «Қазақ елі» сериалында екі желі қарастырылған. Негізгі желі - сұлтандар мен хандар. Алғашқы жеті серияның негізгі кейіпкерлері – Жәнібек пен Керей. Режиссер Рүстем Әбдірешовтің айтуынша, бұл серияларда династиялық тартыс көрсетіледі. Оның пікірінше, сериал – билікке таласты көрсетуге өте ыңғайлы формат.
Сериалдағы екінші желі – ақын-жыраулар. Оларды өмірде болған ақын, жырау, сол дәуірдің идеологы Асан қайғы бейнесі арқылы сомдамақ. Шынымен, Асан Қайғы – Жәнібек сұлтанның кеңесшісі болғаны тарихтан белгілі.
Әзірлеген: Досжан Мейірім.