Жаңалықтар

Елбасы Жолдаулары 21 жыл ішінде 15 тілге аударылды

Елбасы Жолдаулары 21 жыл ішінде 15 тілге аударылды
18.10.2018 06:19 1704

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 5 қазан күні жыл сайынғы кезекті Жолдауын халыққа жолдады. Ең алғаш 1997 жылы 10 қазанда 2030 жылға дейiнгi Қазақстанның даму стратегиясы мен оны жүзеге асырудың бiрiншi кезектегi шараларына арналған Елбасы Жолдауы жарияланған болатын.

Одан беріде бұл жыл сайынғы дәстүрге айналып, 21 жылдың ішінде еліміздің дамуы жолында аса маңызды саналатын, көптеген өзекті мәселелер қамтылған, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бастамаларымен 20-дан астам Жолдау халыққа арнайы жолданды.

Осы уақытқа дейін мемлекет басшысының халыққа жолдаған Жолдауы әлемнің 15 тіліне аударылып, таратылыпты. Жалпы таралымы жетпіс миллион дана болатын 1,5 миллион материал жарияланғаны да белгілі болып отыр.

Ал, 1999 жылы Президенттің ең қысқа Жолдауы шыққан, ол небәрі 1436 сөзден тұрған. Осы орайда ел басшысының ең ұзақ, ауқымды Жолдауына да тоқтала кетсек, ол 2013 жылы жолданған және 15 465 сөзден құралған.

Бұл тарихи құжаттардағы ең көп қолданылған сөздердің ондығына  «мемлекет», «қауіпсіздік», «экономика», «сапа», «инновация», «әлеуметтік», «әлем», «бірлік», «бәсекеге қабілеттілік», «бизнес» секілді сөздер енген. Осы сөздерден-ақ Жолдауда негізінен қандай мәселелер қамтылғанын бағамдауға болады.

Елбасымыздың бір жылда екі рет халыққа Үндеу тастаған кездері де кездескен. Мәселен, 2012 жылы Президент алғаш рет Қазақстан халқына екі рет Жолдау арнаған. Алғашқысы — 2012 жылдың 27 қаңтарында «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» тақырыбына арналса, сол жылдың 14 желтоқсанында жолданған «Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы болған.

Ең алғашқы тарихи құжатта еліміздің Тәуелсіздігін нығайтудың ұзақ жылдарға арналған стратегиялық жоспары қамтылған болатын. Бұл шын мәнінде одан бергі уақытта Тәуелсіз ел дамуының шамшырағындай болды. Алғашқы Жолдау арқылы еліміз әлемдік дамуда өз орнын айқындап, жас мемлекетіміздің алдағы отыз жыл ішінде даму бағытын айқындап алды. Бұл Жолдауда жеті бағыт бойынша еліміздің саяси-экономикалық, құқықтық-демократиялық және әлеуметтiк-мәдени дамуының ұзақ мерзiмдi жоспары қамтылды. Осы Жолдау арқылы еліміздің негізгі даму бағытын, ұстанымын саралай алдық. Орта Азия елдерінің ішінде дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, сол елдердің даму жолымен 2030 жылға қарай «Орталық Азия барысына» айналуды көздеген еліміз бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Көп елдермен бәсекеге түсіп, жетістікке жету арқылы, еліміздің болашағы зор екенін жас мемлекетіміз дәлелдей алды.

Айта кетер жайт, 21 жылдың ішіндегі барлық Жолдауда халықтың әл-ауқатын көтеру мен әлеуметтік мәселелер еш ұмыт қалған емес. Соның арқасында Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері халықтың әл-ауқаты, елдің экономикалық жағдайы айтарлықтай көтерілді. Жыл сайынғы әрбір Жолдау сол кезеңдегі уақыт сұранысын дөп басып, заманға сай әрекет етіп, алдағы уақыттағы бағыт-бағдарды айқындайтын, жарқын болашаққа жетелейтін құжатқа айналды.

2012 жылдың аяғында ішкі жалпы өнім көлемі жағынан әлемнің 50 ірі елінің қатарына енгеніміз, экономикамыздың жаңғырғаны белгілі болды. Осылайша, 2013 жылы әлем бойынша бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ендік. 15 жылдың ішінде ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы 28 триллион теңгеге өскені байқалды. Ал, 1999 жылдан бастап ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсуі 7,6%-ды құрап, алдыңғы қатарлы елдерді де басып оздық.

Алайда, экономикадағы қанша ілгерілеушілікке қарамастан, еліміз үшін халықтың тұрмыс деңгейі басты өлшем болып қала берді. Соның нәтижесінде халықтың табысы 16 есе өсіп, әл-ауқаты жақсара түсті.

Осы орайда кеше ғана 5 қазанда жолданған Жолдауда да 2019 жылдың басынан бастап еліміздегі ең төменгі жалақы 1,5 есеге өсіп, 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіру туралы айтылды.

Бұл осы жылдар ішінде үнемі үдемелі өсіп келе жатқан көрсеткіш екенін айта кетуіміз керек. Жалпы, алдағы жылдан бастап ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болмайтыны халқымыздың тұрмысының жақсаруына орай айтылып отырған бір шешім.

Осы орайда биылғы Жолдауында да Елбасымыз халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру мәселесінің күн тәртібінен түспейтінін атап өтті.

Әсіресе, биылғы Жолдауда ұстаздар мәртебесінің атап өтілуі көп адамның көңілінен шықты. «Алты алаштың басы қосылғанда ең мәртебелі орын ұстаздарға тиесілі» деп Мағжан Жұмабаев атамыз атап өткендей, оларға лайықты құрмет көрсете алып отырмыз ба?! Шын мәнінде ұстаздарға қатысты көптеген түйткілді мәселелер бары рас. Сондықтан, Жолдауда атап өтілген мәселелер жақын уақытта шешімін тауып жатса құба-құп.

Ұстаздың қадірі, мұғалім мәртебесі туралы да осыған дейін аз айтылмады. Өйткені, ұстаздық — ұлы мамандық. Тікелей ұрпақ тәрбиесімен айналысып отырған маман иесінің мәртебесі әрқашан биік болуы керек. Осы орайда ұстаздай қадірлі мамандыққа қоғамда айрықша көңіл бөлінуі үшін Жолдауда бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінді. Осы орайда алдыңғы жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да білімге айрықша көңіл бөлінуі керектігі, орта білім беру сапасын арттырып, білім ордаларының заманауи технологиялармен жабдықталуына, ұстаздар біліктілігін арттыруға көңіл бөлу секілді мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар берілген болатын. Ұстаздар мәртебесі сөз болғанда олардың әл-ауқаты, әлеуметтік тұрғыдан қаматамасыз етілуі де маңызды. Сондықтан, ел ішіндегі дағдарысқа қарамастан, 2016 жылы білім беру саласындағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын 29 пайызға арттыру туралы ұсыныс тасталған болатын. Ал, жас мамандарды жұмыспен қамтуға қатысты «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, алыс ауылдарға жас мамандарды тартып қана қоймай, пайызсыз несие мен баспанамен қаматамасыз етіліп, қамқорлық көрсетілді. Мұның барлығы, ең алдымен, кадр жеткіліксіздігінің орнын толтыру болса, екінші жағынан, мамандардың жұмыспен қамтылып, жағдай жасалуы екені айтпаса да түсінікті.

Кейбір мемлекеттермен салыстырмалы түрде алғанда, еліміздегі ұстаздар қауымының жалақысы әлі де болса төмен екені рас. Педагогикалық қызметкерлерді материалдық тұрғыдан ынталандыру бағытында, баспаналы болуына қамқорлық көрсету мақсатында жеке мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеді. Қоғамда педагогикалық мамандықтағы кадрлардың сапасымен қатар, санын арттыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік грант бөлу кезінде педагогикалық мамандықтарға басымдық берілетіні байқалады. Мәселен,  2015-2016 оқу жылында 32 168 гранттың 3 689-ы педагогикалық мамандыққа берілсе, 2016-2017 оқу жылына бөлінген 31 700 гранттың 5000-ы болашақ мұғалімдерге бағытталған.

Кадр жеткіліксіздігі сөз болғанда мектептеріміздің ер мұғалімсіз қалуын бірі кадр жеткіліксіздігінен көрсе, енді бірі олардың жалақысының талапқа сай болмауынан іздейді. Жалпы, статистикаға сенсек, еліміз бойынша 340 мыңнан астам мұғалімнің 8000-ға жуығы зейнет жасындағы ұстаздар екен. Ал, жалпы ұстаздардың 40 мыңнан астамы зейнетке шығар алдындағы ұстаздар болса, жастардың үлесі небәрі үштен бір бөлігін құрайтын көрінеді. Осы орайда ұстаздарды дайындауға да, жалақысын талапқа сай етуге қатысты да мәселенің назардан тыс қалмағанын байқаймыз.

Яғни, еліміз ұстаздар мәселесін, мұғалімдер мәртебесін ешқашан ұмыт қалдырмаған. Сондай-ақ, ұдайы білімі мен біліктілігін жетілдіріп отыруы тиіс ұстаздар қауымының оқып-тоқуына, кәсіби шеберліктерін шыңдауға мемлекет тарапынан арнайы қаржы көзі қарастырылса, жазғы демалыс алдында емдік жәрдемақы көлемі ұлғайтылса, кәсіподақ ұйымы тарапынан шипажайларға жолдама берілсе екен дегендей қамқорлықтар да алдағы уақытта Жолдауға орай қолдау тауып жатса құба-құп.

Елбасы тарапынан атап өтілген мұғалімдердің мектептегі артық жұмысқа жегілуі, ретсіз тексерулердің артық мазалауы Елбасы назарынан тыс қалмағаны қуантады. Бүгінгі күні қоғамдағы өзекті мәселе саналған талай нәрсенің Жолдаудан соң шешім тапқанын ескерсек, мұғалім мәртебесі, педагогтар мәселесінің биылдан бастап өз шешімін табары анық. Мемлекет тарапынан мұғалімдерге қамқорлық жасау, олардың өз біліктілігін өз бетінше дамытуға, сапалы ұрпақ тәрбиелеуге ынталандырса – мақсаттың орындалғаны. Сондай-ақ, Елбасының коммуналдық шығындарға мән беріп, медицина саласын цифрландыру мәселелерін атап өтуі ел ішіндегі өзекті мәселелерді жете білетінін аңғартады.

Жолдауда сөз болып, көпшілік көңілінен шыққан тағы бір мәселе — ғылым-білімге бөлінетін қаржының өсе түсуі. Дамыған елдердегідей жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын ғылым мен білім саласына жұмсау арқылы алдағы уақытта еліміздің білім саласы дамып, ғылым саласы жандана түсеріне сенім артты. Рас, осы уақытқа дейін де жастарды «Болашақ» арқылы оқытып, Назарбаев университетін, зияткерлік мектептерін ашып, білім саласына көптеген реформалар жасап, Жоғары оқу орындарының жауапкершілігін көтеру, оларды оңтайландыру арқылы білім сапасын барынша сапалы етуге  күш салдық. Алайда, бюджеттен бөлінетін қаржыны көбейту арқылы әлі де болса саланы күшейте түсуге күш салынса, білім мен ғылымға салынған қаржының қайтарымы мол, мемлекеттің дамуында маңызы зор болары сөзсіз. 

Ұлан-байтақ жерімізді тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, экспортқа мол астық шығару жағынан алдыңғы қатарлы елге айналу, агротехникаларға қатысты заманауи жаңа технологияларды пайдалану секілді мәселелер бұрыннан айтылып келе жатқан болатын. Алдағы уақытта Жолдау арқылы жаңа міндеттердің бекітілуі бұл мәселелердің тезірек шешімін табарына сендіреді. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын дамытуға 100 миллиард теңге бөлінуі саланың жандануына серпін берері анық. 

Жолдаудағы жастарға қатысты айтылған мәселелер мен келер жылдың жастар Жылы болып белгіленуі де болашаққа қатысты сенімді күшейте түседі. Еліміздің болашағы — жастар десек, жастарға көңіл бөлінуі, жастар мәселесін шешуге назар аударылуы еліміздің жастарын қуантқан жағдай болды.

Бүгінгі күні әлеуметтік желілерде, баспасөз беттерінде Жолдауға қатысты пікір білдіріп жатқандар өте көп. Бұл Елбасы саясатына, Жолдауына, ел ертеңіне қоғамның немқұрайлы қарамайтынын көрсетеді. Қоғамның сұранысын дөп басып, замана тамыршысына айналып отырған Елбасымыздың Жолдауда қамтылған мәселелерде ғана емес, жалпы, еліміздегі артықшылықтармен қатар кемшіліктерді жақсы білетінін шенеуніктерге берген нақты тапсырмалары мен ескертулерінен байқаймыз.

Ең бастысы, Жолдаудан Елбасының халқына деген сүйіспеншілігі, елін дамытуға ынтасы, өмір сүру сапасын жақсартуға деген ерекше қалауы байқалады. Сондықтан, жарияланған Жолдаудың мақсатына жетуі үшін барша қоғам жұмылып, ел дамуында біріге алсақ болғаны.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға