Елбасы «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығына барды
Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Орталықтың «жасыл» экономиканы дамыту және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жұмыстарының негізгі бағыттары туралы мәлімделді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жел, күн, су және геотермальды ресурстардың әлеуеті, қатты тұрмыстық қалдықтар мен биомасса полигондарының орналасуы туралы ақпаратты қамтитын цифрлық алаңның үлгісі таныстырылды.
Нұрсұлтан Назарбаев экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Елбасы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласына озық технология енгізу және осы салаға инвесторлар тарту мәселелеріне баса мән берді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті, сондай-ақ, қазақстандық жоғары оқу орындарының жаңартылатын энергия көздері саласындағы перспективті әзірлемелерімен танысты.
«Жасыл» технологиялардың және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы «Астана – ЭКСПО-2017» көрмесінің инфрақұрылымы негізінде 2018 жылғы сәуір айында құрылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметі