Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: ҚХА 25 жылдығын орталықта да, барлық өңірде де жоғары деңгейде өткізуіміз керек
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевты қабылдады
Кездесуде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасыға Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясына дайындық барысы туралы баяндалды.
Елбасы алдағы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы 25 жылдығын атап өтуге қатысты әзірлік жұмыстарын уақтылы жүргізу қажеттігін айтты.
– Келесі жылы біз Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын атап өтуді жоспарлап отырмыз. Ассамблеяның мерейтойын орталықта да, барлық өңірде де жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Келісім, тұрақтылық, халықтар достығы, түрлі этникалық топтар, діни конфессиялар арасындағы өзара құрмет мемлекетіміздің және дамуымыздың негізі саналады. Бұл жоспарланған іс-шараға арқау болуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.