Жаңалықтар

Елбасы: "Астана – республикалық бюджеттің донорына айналды"

Мемлекет басшысы небәрі 17 жасқа толған ел астанасының қазірдің өзінде бай әрі даңқты тарихы бар екенін айтты.
07.07.2015 10:57 3457

Мемлекет басшысы небәрі 17 жасқа толған ел астанасының қазірдің өзінде бай әрі даңқты тарихы бар екенін айтты.

Елбасы: "Астана –  республикалық бюджеттің донорына айналды"

Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус, зиялы қауым және іскерлік орта, мәдениет пен білім беру саласы өкілдері қатысқан жиында Елбасы Астана туралы ойымен бөлісті.

– Бүгінде елдің бас қаласы тек бірегей ғимараттарымен ғана емес, қайталанбас өзіндік ахуал-тынысымен де ерекшеленеді. Астананың өз «гравитациясы» бар, ол таланттарды, жаңа жобаларды, қаржылық, зияткерлік және әлеуметтік капиталды өзіне тартып тұрады. Осында өмір сүруге, өз болашағын осында бедерлеуге ұмтылғандар барған сайын көбеюде. Астана халқының саны күткендегінің бәрінен де асып түсіп, миллионға жуықтап қалды. Бұл ретте қаланың елге берері де көбейе түсуде. Бүгінде Астана –  республикалық бюджеттің донорына айналған өңірдің бірі, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев елдің әлеуметтік және экономикалық өміріне тигізіп отырған елорданың оң ықпалын атап өтті.

– Астана қазірдің өзінде тек елдің ғана емес, Орталық Азия өңірінің білім беру және медицина хабы рөліне ие болып отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру елдің барлық өңірін елордаға жақындата түсуде. Жаңа Жібек жолы жобасы Қазақстанды Еуразия құрлығының орталық мемлекетіне айналдырады. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу еліміздің технологиялық көшбасшылығын қамтамасыз етіп, әлемге Қазақстанның баламалы энергетика саласындағы жетістіктерін әйгілейді. «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру – тағы бір өршіл бастамамыз. Ол Астананың ғана емес, бүкіл республиканың көп жылдарға арналған даму бағытын айқындап береді. «Локальды көшбасшылық және жаһандық бәсекеге қабілеттілік» – біз ұстанатын формула осы. Көріп отырғанымыздай, Астанада қазірдің өзінде осы жоспарды жүзеге асыру үшін жұмыс жүргізілуде, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті мерекеге өзінің жеке басының қатысы жөніндегі ойымен бөлісті.

– Қала күні де адамның туған күні сияқты – ол тек мерекелеуге себеп қана емес, есеп беріп, қорытынды жасаудың да бір мүмкіндігі. Мен үшін мерейтой жеке басымның мерекесі болған кезең әлдеқашан артта қалды. Менің бүкіл жұмысым мен бар өмірім елмен етене байланысты. Мен үшін Қазақстанның, оның елордасының және әрбір өңірінің жаңа табысынан артық құттықтау жоқ және болмақ емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Астананы одан әрі дамытуға атсалысқандары үшін қатысушыларға алғыс айтты.

– Бұл жерде жаңа және бірегей Еуразия мәдениеті қалыптасады, жастар бәсекеге лайық білім алады, болашаққа сеніммен қадам басатын жаңа отбасылар құрылады. Бірлігіміздің, еңбексүйгіштігіміздің, табандылығымыздың арқасында біздің алға қойған барлық мақсатымызға жететінімізге сенімдімін, – деді ҚР Президенті.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға