Жаңалықтар

Ел тыныштығын күзетіп жүрген сарбаздар ауылдың сарқытынан дәм татты

Ел тыныштығын күзетіп жүрген сарбаздар ауылдың сарқытынан дәм татты
10.01.2019 11:06 2711

Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері №6505 әскери бөлімшесінде ел тыныштығын абыроймен қорғап жүрген сарбаздармен жолығып, тұрмыс-жағдайларымен танысып, Жаңа жыл мерекесімен құттықтап қайтты.

Сонымен қатар, қоғам белсенділері сарбаздарға әжелердің қолынан арнайы дайындалған бауырсақ, құрт, ірімшік, жент-талқан сынды ұлттық тағамдар салынған сарқыт қоржындарын табыстады.

«Сарқытты қазақ халқы «үлкен кісілердің жолын, абыройын берсін» деген ырыммен жастарға үлестірген. Осыны ескере отырып, отбасынан жырақта, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жауынгер жігіттерге елден сәлемдеме ретінде үйде әзірленген ұлттық тағамдардан дәм татқызуды құп көрдік. Ынтымағы ырысты, бірлігі бекем елімізді қорғауда табандылық пен ерік-жігер тілеп, бата бердік», - дейді қалалық «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің төрайымы Гаухар Төлепова.

Азаматтық парызын абройлы атқарып жүрген сарбаздар алыстағы отбасын сағынғандарын, көрсетілген ыстық ықылас пен ізгі ниет сол сағынышты, аз да болса, басқанын жасырмады.

«Кезінде ауылда әжелеріміз әкелетін сарқытты таласа жейтінбіз. Бұл дәстүрдің астарында үлкен мән-мағына жатқанын кейін түсіндік. Елге белгілі кісілер дәм татқан дастарханнан сарқыт алып, біздерге де солардың жолын берсін деген астарлы мән-мағына жатыр екен. Бүгін ақ жаулықты аналар тарту еткен сарқытты бөлісе жеп, мәз-мейрам болудамыз. Бұл шара біздің бауырмалдылығымызды одан әрі арттыра түсті», - деп ағынан жарылды жас сарбаз, қатардағы жауынгер Мади Молдалиев.

Одан кейін көрермендер назарына қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Көркем» әжелер тобы дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Халық әндерін тыңдаған сарбаздар ұйымдаструшыларға дән ризашылығын білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға