Жаңалықтар

ЕЛ ТІЛЕГІ – АРЫСТЫҢ ЕРТЕҢІ

ЕЛ ТІЛЕГІ – АРЫСТЫҢ ЕРТЕҢІ
03.07.2019 09:27 4813

Апат айтып келмейді... Арыс­тағы көкөніс егіп, мал бақ­қан момын шаруа, тірші­лігі темір жолға тікелей байланыс­ты жұмысшылар, ұл-қызы­ның бірыңғай ұлттық тесті­леуден қалай өтетініне ғана алаңдап жүрген ата-ана­лар – ешқайсысы ертеңгі таң­да бү­кіл қала өмірін күрт өз­гер­тетін апат болатынын білген жоқ...

Арыс маңындағы қоймада бол­ған техногендік апат бейбіт өл­кенің жайбарақат тіршілігін бір-ақ сәтте астаң-кестең етті. Дана хал­қы­мызда «Бейбіт күннің қадірін жау бас­қанда білерсің, Қаруыңның қадірін шай­қасқанда білерсің...» деген сөз бар.

Көршілес елдерде неше түрлі соғыс, этностық және діни қақты­ғыс, жанжалдар болып жатса да, Тәуел­сіздік алғалы снаряд жарылмақ түгілі, атылған оқтың дыбысын есті­мей тірлік кешкен біздің халық үшін бұл күтпеген жайт, қатты соққы болды. Санаулы сағаттардың ішінде бейбіт күннің қадірін білдірген жойқын апат – жарылыстар, өрт, халықтың қаладан көшірілуі мұндай жағдайлардың қаншалықты қатыгез әрі қорқынышты болуы мүмкін екендігін көрсетті.

Екінші жағынан бұл жай біздің отандастарымыздың – қарапайым адамдардан Мемлекет басшысына дейінгі азаматтарымыздың бет-бейнесін, биік сапалық қасиеттерін, парасат-пайымын да танытты. Әсіресе суыт хабарды естісімен апатты аймаққа ұшып шыққан Пре­зи­дентіміз Қ.К.Тоқаевтың қадамы арыстықтарды ғана емес, барша қазақстандықтарды сүйсінткенін айту парыз.

Жарылыс туралы ақпарат тараған сәттен бастап елдің көзі теледидарға байланды, радиоға құлақ тігіп, интернетке үңілумен болды. Бұқаралық ақпарат құралдарының болған жайды бүркемелемей айтуы ел ішінде жалған ақпараттың жайылмауына әсер еткенін атап өткіміз келеді. Бірінші күннен бастап бүгінге дейін хабарлардың басты тақырыбы – «Арыс, біз біргеміз!» деп аталып, болған оқиғалар, қабылданған шаралар, жасалған көмектер туралы ақпарат ағыны бір толастаған жоқ. Бұл да ашық қоғам қағидатына сай келетін қадам.

Әрине Қазақстанда тап осындай ауқымды техногендік апатты ауыздықтау, тұтас қаланы жедел эвакуациялау тәжірибесі бұрын болмағандықтан, сарбаздардың, жас мамандардың шошып, абдырап қалуы ықтимал жайт. Дегенмен, бұл ретте де жаппай үрейге, көп құрбандыққа жол берілмегенін айтуымыз керек.

Негізінде, мұндай фактілерді та­биғи катаклизмдер көп болатын, сұрапыл дауылдар соғатын елдерде зерттеп, жинақтап, халыққа өзін қалай ұстау керектігін түсіндіретін кітапшалар шығарылып, таратылып тұрады. Қазір біздің балаларымыз білім іздеп қаншама елдерге барады, бәлкім, біздің білім беру ошақ­та­рында да болашақта бастауыш әске­ри дайындық сабақтарында осы бағыт­та ақпарат берілгені артық болмас...

Ал осы жолғы жағдайда адамдарды құтқару жұмыстарын бір қалыпқа түсіруге, тұрғындардың дүр­лігуін басуға ең алдымен оқиғаға мемлекет тарапынан тиісті назар аударылып, пәрменді шаралардың қа­былдануы, оған қоса жергілікті жер­­дегі ел алдында жүрген азамат­тар­­дың біліктілігі әсер етті дер едік. Бү­кіл құтқару, көшіру, көмек ұйым­дас­­тыру жұмысында іс басында жүр­ген, талай жылғы тәжірибелері бар тұл­ғалар тізгінді өз қолдарына алды.

Қазақстан бойынша мемлекет пен миллиондаған қарапайым адамдардың күшін біріктірген орасан зор операцияға Қазақстан халқы Ассам­блеясы алғашқылардың бірі болып үн қатуы, белсене ара­ла­сып қана қоймай, өзінің өңірлік фи­лиал­дары арқылы ауқымды гумани­тар­­лық көмекті ұйымдастыруы – заң­дылық.

Ең алдымен зардап шеккендерді төтенше жағдайдан аман алып шығу, халықты сабырлылыққа ша­қыру, елді дүрліктіретін жайлар­ға жол бермеу қажет еді. Жедел түрде Шым­кент қаласындағы Дос­тық үйін­де Қазақстан халқы Ассамб­лея­­сы­ның республикалық штабы құ­рылып, барлық жұмысты үйлестіру Мұратәлі Қалмұратов пен Ғани Рысбековке жүктелді.

Сол күні-ақ штабта зардап шеккендерге көмек көрсету жұмысы бас­­­талып, хатшылық пен «Қоғам­дық келісім» мекемесінің қызметкер­­лері, этномәдени бірлестіктер өкіл­дері төтенше жағдайға тап болғандар­ға қажетті заттарды жинауға кіріс­ті. Кейіннен «Арыс, біз біргеміз!» рес­публикалық акциясы басталып, әуелі сол маңдағылардан, одан соң елі­міздің түкпір-түкпірінен гума­ни­тарлық көмек ағылғанда, бұл жұмыс ауқымы әлденеше есе арта түсті.

Қашанда ынтымақтастық, жана­шырлық және бір-біріне қолдау көр­сетуді басты құндылықтар деп жоғары қоятын біздің қоғам мүше­лері арыстықтарға көмек қолын созуды парыз санағаны анық. Міне, сон­дықтан да мыңдаған адам, ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер жарылыстар басылмай жатып, қайырымдылық эстафетасын бір-біріне жалғады. Олар­дың ішінде қазақ жерін мекен еткен этностардың үлесі өте көп екен­дігі – қазақстандық бірліктің тағы бір дәлелі.

Штабтан келген ақпарат бо­йынша алғашқы екі күн ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері көрсеткен көмектің жалпы сомасы 51 331 332 теңгеден асты. Қаражат жинау әлі де жалғасуда.

Акцияға Түркістан облысындағы «Дустлик» өзбек этномәдени бірлес­тіктері қауымдастығы, Әзербайжан қауымдастығы, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы, «Қазақстан корей­лері қауымдастығы» және бас­қа да республикалық және өңір­лік этномәдени бірлестіктер бір­ден қосылған. Алғашқы күні кешке қарай этномәдени бірлестіктер ал­ты эвакуациялық пунктті өз қамқор­лықтарына алды.

Елордадағы Достық үйінде де штаб құрылып, қалалық Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер жалпы құны 3 миллион теңгеден асатын киім, қажетті азық-түлік жинады. Өзбек мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Хасан Шәріповтің хабарды ести салысымен Арыс қаласына 22 тонна ұн жібергені белгілі болды.

Алматы қаласының этномәдени бір­­лестіктері алғашқы күні 1 мил­­лион теңгеге жуық қаражат жина­ған­­дарын хабарласа, Ақмола облы­сы­­ның Ассамблеясы 2 миллион 685 мың теңге көлемінде көмек көр­сеткен.

Ақтөбе облыстық Ассамблеясы жинаған сома 3 миллион теңгеден асқан, соның ішінде «Урарту» армян этномәдени бірлестігі 2 мил­лион теңгеге көмек көрсеткенін атап көрсету парыз. ҚХА мүшесі, облыс­тық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы С.В.Вишняктің 200 мың теңге аударған бастамасын Алматы облысындағы әріптесі, ҚХА мүшесі З.П.Кузиев жалғастырып, көмек қорына 700 000 теңге салды.

Осы ретте ҚХА мүшелері, этно­мә­дени бірлестіктер төрағалары, ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорына ақша аударуда үлгі көрсеткенін айтпай кету­ге болмас. Мысалы, Атырау облыс­тық ҚХА Кәсіпкерлер қауым­дастығының төрағасы В.Ф. Розметов 200 000 теңге, қауымдастық мүше­сі А.А.Колузанов 150 000 теңге, «Бы­лина» орыс этномәдени бірлесті­гі­­нің төрағасы А.А.Короблев 150 000 теңге, «Иверия» грузин ЭМБ төр­ағасы З.Г. Бобохидзе 100 000 тең­ге, «Жаңғыру жолы» жастар қозға­лысының көшбасшысы Т.В.Роз­метова 150 000 теңге аударды.

Мұндай мысалдар басқа өңір­лерде де көптеп кездеседі. Шымкент қаласы Мартөбе ауылындағы түрік этносының өкілдері (төрағасы – Мұрат Гелашвили) азық-түлікпен көмек көрсетіп, орталық мешіт­тің есебіне 118 000 теңге аударған. Түркістан облыстық қырғыз этно­мәдени бірлестігі №87 мектепте орналасқандарға 1 200 000 теңге сомасына азық-түлік, ересектер мен балаларға киім және аяқ киім, дәрі-дәрмек апарып, Қараған­ды облысының армян этносы­ның өкілдері «Түркістан» әлеумет­тік даму корпоративтік қорына 1 180 000 теңге, Атырау облысы «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшелері 1 773 927 теңге аударды.

Жалпыреспубликалық акциядан бірде-бір облыстық Ассамблея шет қалған жоқ. Қостанай облысы­ның Қазақстан халқы Ассамблеясы 4 613 200 теңге аударып, 5 тонна ұн жөнелтті. Шығыс Қазақстан облысында Достық үйлері, этномәдени бірлестіктер, ҚХА мүшелері 804 мың теңге жинады.

Жамбыл облысында жиналған қаражат пен бірінші кезекте қа­жет болатын заттардың жалпы сома­сы 3 259 551 теңгені құ­рап, Батыс Қазақ­стан облысында үш гу­манитарлық көмек жинау пункті­нен Арысқа 30 тонна азық-түлік жөнелтілді. «Ахыска» этномәдени бірлестігі 200 адамды жатақханаға орналас­тырса, әзербайжан қауым­дастығы мен «Дустлик» өзбек этно­мәдени бірлестігі әрқайсысы 500 кісіге түскі ас таратты.

Өңірлердегі ҚХА құрылым­дары: Аналар кеңесі, жастар қанаты, медиа­ция кабинеттері акцияға бел­сенді түрде қатысуда: қаражат жиналып, балаларға ойыншықтар, шырындар, киімдер, дәрі-дәрмектер жөнелтуде. «Жаңғыру жолы» ҚХА республикалық жастар қозғалысы 26 маусым күні «JAQSYLYQJASA» жобасы аясында Түркістан облысына көмекке бару үшін еріктілер топтарын жасақтау бойынша акция­ны бастады.

Қазақстанның барлық облыстарында ҚХА хатшылықтары мен «Қоғамдық келісім» қызметкерлері Президент Қ.К.Тоқаевтың бір күндік жалақыны техногендік апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету есебіне аудару жөніндегі бастамасын қолдады.

Бүгінде зардап шеккендерге көмек көрсету әртүрлі бағытта өріс алып жатқанын айта кету керек. Елор­далық Ассамблеяның жас­тар қанатының мүшелері апатта жа­ра­қат алғандар үшін қан тапсырса, Түркістандағы Ауғанстан соғысының ардагерлері адамдарды тасымалдауға көліктер бөлген. Ақсақалдар кеңесінің мүшелері де өз мүмкіндіктеріне қарай ақша қосса, «Ева» дәріханасының иесі Ирина Бродская 140 000 теңгеге дәрі-дәрмек жеткізген. Бірнеше этномәдени бірлестіктің басшылары (З.Мирзаев, М.Хашимжанов) эвакуацияланған адамдарға өз үйлерін босатып берген.

ҚХА Аналар кеңесі республика бойынша «Арыс балаларына» қайырымдылық акциясын өткізіп, балаларға киім-кешек, ойын­шық, тазалық заттары, оқу құ­рал­дарын жинады. Сондай-ақ ме­ценаттар мен кәсіпкерлерден за­қым келген білім ошақтары мен бала­бақшаларды қалпына келтіріп, мектеп оқушыларын жаңа оқу жылына дайындауға көмектесуді сұрады.

Нұр-Сұлтан қаласы Достық үйінде арнайы құрылған штаб «Арыс, біз біргеміз!» акциясы аясында жиналған 40 тонна азық-түлік, тұрмыстық заттар мен киім-кешек, төсек-орындарды арнайы жүк кө­лігімен аттандырды. Тура осындай көмек 2 шілде күні Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейі­рімділік керуені» жалпыұлттық қайырымдылық акциясы аясында Алматы қаласынан жөнелтіледі.

Жалпы, апаттан зардап шеккендерге тамақ, киім, қажетті заттарды әкеліп берген аттары белгісіз азаматтар жүздеп, мыңдап саналады. Бүгінде гуманитарлық көмек орасан ауқымға жетті, бұл – Қазақстан хал­қының қиын сәтте, барлық ке­зең­­дердегідей бірігіп, қолдау көр­сете­тін бірегей сипатының көрсет­кіші, қазақстандық гуманизм мен ын­ты­мақ­тастықтың баға жетпес үлгісі.

Бұл оқиғаның тіршілігіміздің қалыпты ағынын шайқап, бойымызды жиғызғаны рас. Арыстағы жарылыстар ел тыныштығын сақтау үшін әлі де ойластыратын, жетілдіретін жайлар бар екенін еске салды. Сондай-ақ бұл оқиға қоғамымызда ашықтық дамып келе жатқанын, адамдардың бойында бір-біріне қолдау көрсету, қайырымдылық жасау, жанашырлық таныту сезім­дерінің ұлғая түскенін де көрсетті. Елімізде Арысқа көмектесу ісіне қатыспай, немқұрайлы қалған адам жоқ деуге болады.

Енді елде шынымен де қайы­рым­­­дылықтың, жақсылықтың, жо­март­тықтың акциясы басталатын сыңайлы. Ақмола және Павлодар облыстарының әкімдіктері Арыс балаларына Көкшетау мен Баянауыл лагерьлерінің есіктері жаз бойы айқара ашық екенін жария етті. Шығыс Қазақстан облысы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1000-нан астам адамды қоныс­тануға шақырды. Ал кеше ғана әлеу­меттік желілер «BI-Group» ком­пания­сының басшысы А.Рақымбаев корпо­ративтік қорға 100 миллион теңге аудара отырып, өз компаниясының Арыста үй салуға дайын екенін мәлімдегенін қуана хабарлады.

Міне, осындай халықтың арқа­сында көп уақыт өтпей-ақ Арыс қа­ласы жарылыстар салған жара­қат­тардан жазылып, балалар сыңғыр­лаған жаңа мектептерге баратынына, өмір қайтадан әдеттегі жаймашуақ қалпына келетініне сенімдімін.

Данагүл Амантай,

ҚХА Баспасөз қызметінің редакторы


Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары

egemen.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға