Ел ертеңін қалыптастыратын жастар бір алаңда бас қосты
Павлодар өңірінде халықаралық жастар күніне орай өткен екі күндік республикалық форумда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастар тәжірибе алмасып, жаңа идеялар ұсынып, ынтымақтарын арттырды.
Шарада сөз сөйлеген ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев пен жастар саясаты саласындағы сарапшы Жасұлан Қуандық El.kz интернет порталының тілшісіне пікір білдірген еді.
Бұл күн біз үшін аса маңызды дата. Себебі кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы – жастар. Мемлекет басшысы өзінің мақаласында: «Жастар қашан да тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші», деп атап өткен болатын. Бүгін осы сөздің нақты дәлелін көріп отырмыз. Міне, Кереку өңірінде екі күн бойы өткен форумда еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар бас қосып, тәжірибе алмасып, жаңа идеялар ұсынып, ынтымақтарын арттыруда, – дейді Аян Сәлімгереев.
Аянның айтуынша, қазіргі қазақстандық жастар білім, ғылым, мәдениет, спорт салаларында үлкен жетістіктерге жетіп, әлемдік деңгейдегі құрдастарымен иық тірестіріп келеді.
Қазақта «Жас мұраты – білім, тәлім талабы – өнер, оқу – жастықтың қару-жарағы» деген сөз бар. Біздің жас қазақстандықтар осы қарумен қаруланған, жаңа Қазақстанға нық қадам басып келе жатқан мықты буын. Хәкім Абай айтқандай, олар өмірде өз орнын тауып, «кірпіш болып қалануға» дайын, – деді ол.
Сонымен қатар ол жастар күнінің бүкіл өңірлерде ерекше аталып өтіп жатқанын, ал кәсіподақтар федерациясының төрағасы Дәулеталин Сатыбалдының жастарға қатысты ұстанымын да атап өтті.
Ол кісі жиі айтады: «Жастар – тек біздің болашағымыз ғана емес, олар – бүгініміз» деп. Сол себепті біз жастарды дәл қазір қолдап, олардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасауымыз керек, – деді Аян Сәлімгереев.
Форум қатысушыларының пікірінше, мұндай шаралар жастардың өзара байланысын нығайтып қана қоймай, ел дамуына серпін беретін жаңа бастамалардың туындауына жол ашады.
Жастар – ел дамуының негізгі қозғаушы күші
Жастар саясаты саласындағы сарапшы Жасұлан Қуандықтың айтуынша, халықаралық жастар күні – тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды мереке.
1999 жылы БҰҰ-ның сессиясында жастар күнін белгілеу жөнінде қарар қабылданып, 2000 жылдан бастап бұл күн жыл сайын атап өтіледі. Қазақстанда былтырдан бастап жастар күніне орай он күндік «Жастар апталығы» дәстүрге айналды. Арнайы декада бекітіліп, елдің түкпір-түкпірінде он күн бойы жастарға арналған түрлі шаралар, бағдарламалар, семинарлар өткізіліп келеді. Биыл да бұл дәстүр жалғасып, өңірлерде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр, – деді ол.
Сарапшының сөзінше, бұл мереке – тек бір реттік іс-шара емес, жастарға шабыт беріп, алға ұмтылуға серпін сыйлайтын айтулы оқиға.
Бүгінде облыс орталықтарында «Жастар фест» атты үлкен концерттер өтіп жатыр. Оған эстрада жұлдыздары қатысып, мерекелік көңіл-күй сыйлауда. Бұл – еліміздегі жастарға деген қамқорлықтың, олардың дамуына жасалып жатқан жағдайдың айқын көрінісі. Жастар – қоғамның негізгі драйвері, кез келген өзгерістің басында тұратын күш. Сондықтан мемлекет тарапынан жастарға арналған жобалар – президент жанындағы жастар кадр резерві болсын, басқа да бастамалар – олардың мемлекеттік саясатқа белсене араласуына және қоғамдық ықпалын арттыруға бағытталған, – деді Жасұлан Қуандық.
Оның айтуынша, жастарға қолдау көрсету – елдің болашағын жарқын етудің кепілі.
Егер жастайынан қолдау мен мүмкіндікке ие болса, олар ертең отбасының тірегі, кәсіби маман, ел дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасады. Сондықтан бүгінгі жастарға көңіл бөлу – болашаққа салынған инвестиция, – дейді.
Бұған дейін жастарға қандай қолдау көрсетілетіні туралы мақала жазылды.

