1990 жылы 25 қазанда қабылданған мемлекеттік егемендік туралы декларация – Қазақстанның тәуелсіздікке бастар тарихи қадамы болды. Осыдан 35 жыл бұрынғы бұл шешім елдің саяси дербестігі мен мемлекеттілігінің негізін қалады.
El.kz интернет порталының тілшісіне сұхбат берген Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Айым Тілепбергеннің айтуынша, Республика күні – тек тарихи дата ғана емес, ел бірлігі мен азаматтық жауапкершілікті айқындайтын маңызды мереке.
Республика күні – Қазақстанның мемлекеттік мерекелерінің бірі. Бұл күннің тарихи және саяси маңызы зор. Сарапшының пікірінше, егемендігі бар мемлекет өзінің ішкі саясатымен бірге сыртқы саясатын да жүргізе алады.
Ол 17 баптан тұратын Декларацияның 14-ші бабына тоқтала келіп, онда «Қазақ ССР-інің халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгелеуге, дипломатиялық және консулдық өкілдіктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерінің қызметіне қатысуға құқығы бар» деп жазылғанын атап өтті.
Декларацияның осы бабы Қазақстанның толыққанды мемлекет ретінде әрекет етуіне бастар жол болды, – деді сарапшы.
25 қазанның қайта белгіленуі – тарихи шешімнің жемісі
25 қазан республика күні елімізде 2010 жылға дейін ресми мереке ретінде жыл сайын аталып келді. Оның маңыздылығын түсіну үшін сол кездегі елдің көзімен қарау керек. Орталықтандырылған саясат аясында өз республикаңның хал-ахуалын жақсарту қиынға түскен еді. 80-ші жылдары орталық биліктің саясатының нәтижесінде одақтас республикалар егемендіктерін жариялай бастады. 1990 жылдың жазында ресей, өзбек, украин, беларусь КСР-лері, бізден кейін қырғыз елі де егемендіктерін ресми жариялады.
Бүгінгі тәуелсіз ел ретінде дамуымыздың, алдымызға қойған мақсаттарымызды жүзеге асыра алуымыздың өзі 90-шы жылы қабылданған тарихи шешімнің жемісі, – деп есептейді Айым Тілепберген.
Республика күні мен тәуелсіздіктің байланысы
Республика күні мен тәуелсіздік күні бір-бірімен өте тығыз байланысты. Бірі ХХ ғасырдағы шешуші қадам болса, екіншісі сол қадамның ресми жүзеге асырылуымен байланысты.
Республика күні егемен Қазақстанды ресми түрде өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізу құқықтарына ие субъект ретінде белгілеп, жариялауымен ерекшеленсе, Тәуелсіздік күні сол жарияланған қағидаттардың іс жүзінде жұмыс істеуімен байланысты, – дейді сарапшы.
Қоғамдық бірлік пен патриоттық рухтың қалыптасуы
Барлық мемлекеттік мейрамдар сияқты республика күнінің де маңыздылығы зор. Ол бір жағынан қазақстандықтардың өздерін бір халық ретінде сезінуіне бағытталса, екінші жағынан бүгінгі тәуелсіз елдің қалыптасуындағы маңызды қадамдардың бірін дәріптеуге арналған.
Сондықтан қазақстандықтардың, соның ішінде өскелең ұрпақтың туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілік сезімін арттыруға бағытталған айтулы мерекелердің бірі ретінде қайтадан аталып өтілуінің өзі жақсы құбылыс деп санаймын. Өйткені бұл жыл сайын қазан айында Республика күніне және жалпы «республика» ұғымының астарында жатқан мән-мағынаға, оны жас ұрпаққа жеткізуге арналған түрлі шаралардың өткізілуіне әкеледі. Ал бұл үрдіс өз кезегінде жылдан жылға осы мейрамның да, республиканың да маңыздылығын арттыра түсері анық, – дейді Айым Тілепберген.
Сарапшының пікірінше, бүгінде жастар бұл мерекені көбіне күнтізбедегі қарапайым мейрамдардың бірі ретінде қабылдайды. Сондай-ақ мерекенің тарихи мәні мен маңызын терең ұғыну үшін жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін атап өтті.
Тәуелсіздікке қатысты оқу орындарында арнайы кездесулер, танымдық сабақтар мен түрлі форматтағы шаралар өткізілгені дұрыс. Бірақ ең маңыздысы – жастардың өздері осы күннің тарихи маңызын жеке түсініп, 1990 жылы қабылданған Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы Декларациямен танысқаны жөн. Бар болғаны жарты сағат уақыт бөліп, осы 17 баптан тұратын құжатты байыппен оқып шықса, егемендіктің қадірі мен құндылығын терең сезіне алады, – дейді ол.
Егемендік мәні өзгерді
Сарапшылардың айтуынша, егемендік алғаннан кейінгі отыз жылда «республика» ұғымының мазмұны едәуір кеңейді. Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Айым Тілепберген бұл өзгерісті былай түсіндіреді:
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республика ұғымы көбіне мемлекеттілік, егемендік және тәуелсіздік ұғымдарымен астасып қарастырылды. Ал бүгінде бұл түсінік жаңа мазмұнмен толықты. Қоғамның дамуы, азаматтардың жауапкершілігі, инновациялық өрлеу сияқты бағыттар осы ұғымның ажырамас бөлігіне айналды. Болашақта республика сөзі ел азаматтарының бірлесе басқаруының, ортақ болашаққа үлес қосуының символына айналса деген тілегім бар, – дейді сарапшы.
Сондай-ақ эксперт республика күнін қоғам деңгейінде мазмұнды атап өту үшін ең алдымен азаматтардың өз белсенділігі артуы қажет екенін айтады.
Соңғы жылдары біз көбіне жоғарыдан берілетін нұсқауларды күтіп, солардың орындалуын ғана бақылайтын қоғамға айналып бара жатқандаймыз. Бұл – мойындауға тура келетін шындық. Сондықтан менің ойымша, республика күні наурыз немесе жаңа жыл секілді бүкілхалықтық сипаттағы мейрамға айналуы тиіс. Әр адам бұл күнді отбасымен, жақындарымен бірге атап өтіп, оның рухын сезінгені дұрыс, – дейді Айым Тілепберген.
Оның айтуынша, мерекені тек мемлекеттік органдар ұйымдастыратын шаралармен шектемеу қажет. Азаматтардың өз бастамасымен өткізілетін іс-шаралар, отбасылық кездесулер мен қоғамдық бастамалар мерекенің мазмұнын байыта түсер еді.
Әркім республика күнін өз деңгейінде мазмұнды өткізуге үлес қосса, бұл мереке нағыз бірлік пен елдік рухтың көрінісіне айналар еді. Ал мемлекеттік деңгейде 25 қазан мерекесін атап өтуге қатысты біздің институт тарапынан бірқатар ұсыныстар берілген, енді олардың іске асырылуын күтіп отырмыз, – дейді қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Айым Тілепберген.
Республика күні – бұл тек тарихи дата немесе күнтізбедегі мереке емес. Бұл – ұлттың өзін-өзі тануы мен мемлекеттіліктің қалыптасу жолындағы ең алғашқы қадамына тағзым ету күні. 1990 жылы қабылданған мемлекеттік егемендік туралы декларация сол кездегі қазақ халқының саяси санасының өскенін, өз тағдырын өзі айқындауға деген ерік-жігерінің бар екенін көрсетті. Бұл құжат болашақ тәуелсіз мемлекеттің іргетасы болып қаланды.
Бүгінгі таңда республика күні ел тарихындағы маңызды кезеңді еске түсірумен қатар, қоғамның даму деңгейін, азаматтардың ел тағдырына деген көзқарасын айқындайтын рухани өлшемге айналып келеді. Егемендіктің мағынасын тек мемлекеттік тәуелсіздік шеңберінде емес, жеке адамның өз отанына, қоғамына, болашағына деген жауапкершілік тұрғысынан ұғыну – уақыт талабы.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Айым Тілепберген атап өткендей, егемендік ұғымы бүгінде жаңа мазмұнмен толығып, елдің дамуымен, қоғамның жаңаруымен тығыз байланыс тапты. Республика сөзі енді тек мемлекеттік құрылымды емес, азаматтық сана мен ортақ мақсатқа бірігуді білдіретін символға айналуда.
Қазіргі таңда республика күнін атап өту дәстүрі қоғамға жаңа серпін беріп отыр. Бұл мереке арқылы қазақстандықтар ел тарихын тереңірек тануға, егемендіктің құндылығын ұғынуға, бір-біріне деген құрмет пен сенімді нығайтуға мүмкіндік алады. Әсіресе жас буын үшін мұндай күндердің тәрбиелік маңызы зор. Өйткені олар өткеннің қадірін түсінбейінше, болашаққа жауапкершілікпен қарау қиын.
Сол себепті республика күнін барынша мазмұнды етіп өткізу – баршамыздың ортақ парызымыз. Бұл бағытта тек мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралармен шектелмей, қоғамның әр мүшесінің белсенділігі маңызды. Отбасымен бірге бұл күнді атап өту, достар арасында егемендік тақырыбында пікір алмасу, балаларға ел тарихын түсіндіру сияқты шағын әрекеттердің өзі үлкен патриоттық сезімнің бастамасы болмақ.
Республика күні – наурыз бен тәуелсіздік күні секілді бүкілхалықтық сипатқа ие болуы тиіс мереке. Ол адамдардың бір-біріне жақындай түсуіне, елдік сана мен бірлікті күшейтуге ықпал етеді. Мұндай күндер қоғамға өз тарихын жаңаша зерделеп, келешекке сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Сарапшының айтуынша, егемендіктің мәнін түсіну тек өткенге көз жүгірту емес, сонымен қатар елдің болашағын қалыптастыруға атсалысу
Шын мәнінде, республика күні – мемлекеттілік пен еркіндіктің, тарих пен болашақтың тоғысқан сәті. Бұл мерекені жыл сайын атап өту арқылы біз тек өткенді еске алып қана қоймай, келешекке деген сенім мен ұлт рухын бекітеміз. Республика – бұл елдің атауы ғана емес, ол – халықтың жүрегіндегі бірлік, елдік, жауапкершілік және үміт ұғымдарының жиынтығы.

