Жаңалықтар

«Экспо-адамдар» көпшіліктің көңілінен шықты

Астана күні
07.07.2016 09:08 4508

Дүркіреп өткен елорда тойында «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатын мемлекеттердің мүсіндері қойылды.

«Экспо-адамдар» көпшіліктің көңілінен шықты

«Нұржол» желегінің жоғары жағында  орналасқан мүсіндер шыны пластиктен жасалған. Олар алаңға шахматтық тәртіпте қойылды. Мүсіндер экспозициясы «Astana Art Fest» заманауи өнер фестивалі аясында өтті.

Алаңдағы мүсіндерге жеке тоқталар болсақ, олар әр елдің өзіндік ерекше стиліне сай әзірленген. Бұл жерден алуан түрлі пейзаждар, мемлекеттік рәміздердің кей элементтері, экзотикалық жануарлар, сәулет ескерткіштері, ұлттық ою-өрнектер, мемлекеттердің географиялық карталарының бейнесін көруге болады.  

«Экспо-адамдар» көпшіліктің көңілінен шықты

Көпшіліктің көңілінен шыққан туындыларды қазақстандық жас суретшілер салып шыққан. Оларға жұмыс барысында Астанадағы «Құланшы» заманауи өнер орталығының мамандары жетекшілік етіпті. Эскиздердің жасалуы мен идеяның жүзеге асуына бір айдан астам уақыт жұмсалыпты. Суретшілер өз қолынан шыққан өнер туындыларын «Экспо-адамдар» деп атаған.  «Экспо-адамдардың»  қолында үлкен шар бар. Шығармашылық тұрғыдан алғанда, бұл көрініс әлемнің аллегориясы іспетті. Яғни, «ғалам әр адамның алақанында» деген мағынаны білдіреді.


Әзірлеген – Айбота ӨТЕУЛІ

Сурет: Астана қалалық Мәдениет басқармасы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға